Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев Солтүстік Қазақстанға барып, басқа мемлекетте жүргендей сезінгенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мәдениет және білім беру мәселелері бойынша заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын талқылау барысында депутат Жигули Дайрабаев тіл мәселесін көтерді.
Идеологияға жауапты азаматтарға сұрақ: бізде солтүстік өңірлерде елдімекендердің, көшелердің атауы қашан мемлекеттік тілімізге ауысады? Масқара ғой, айналайындар, 34 жылдан бері тәуелсіз Қазақстан мемлекетінде өмір сүріп жатырмыз. Солтүстік аймаққа сенбіде барып қайттым. Кірсем, басқа бір мемлекетте жүрген сияқты сезінесің. Біздің ешкімге өкпеміз жоқ. Бірақ біз қазақ ұлты мемлекет құраушы ұлтпыз. Неге бізде қазақша болмайды? Кім кедергі? Қай жаққа сіздер қарап отырсыздар? Жан ауырады көргенде, – деді Жигули Дайрабаев.
Ulysmedia.kz әділет министрі Ермек Сәрсембаевтан бұған дейін Қазақстанда заңдар қашан қазақ тілінде жазылатынын сұраған еді.