×
512.34
582.07
6.31
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
512.34
582.07
6.31

Қазнетті шулатқан видео: өзінен кішілерді сабаған оқушы басқа мектепке ауыстырылған

Бүгін, 08:33
Қазнетті шулатқан видео: өзінен кішілерді сабаған оқушы басқа мектепке ауыстырылған
скриншот

Әлеуметтік желілерде мектеп оқушысының қатарласын сабаған видеосы тарап, бұл қоғамда үлкен резонанс туғызған. Іске құқық қорғау және білім беру органдарының араласып, түсіндірме берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Алматы облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, оқиға Іле ауданына қарасты мектептердің бірінде болған. Қазір бұл дерек бойынша қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр.

Қоғамда резонанс тудырған кадрларда бір оқушының өз қатарластарын сапқа тұрғызып қойып, оларды аяусыз ұрып-соғып жатқаны бейнеленген. Ол жұдырықпен және алақанмен қатарластарының бетіне, денесіне соққы жасаған, бұл сәтті өзге оқушы видеоға түсіріп тұрған.

Білім басқармасы ұсынған алдын ала мәлімет бойынша, оқиға 2024 жылдың қыркүйек айында тіркелген. Тәртіп бұзған оқушы 2025 жылдың наурызында басқа мектепке ауыстырылған. Арада уақыт өтсе де, мән-жайын жан-жақты анықтау мақсатында арнайы комиссия құрылып, тергеу басталған.

Тексеру нәтижелері бойынша тек оқиғаға қатысқан тараптардың ғана емес, сондай-ақ тәрбие жұмысын тиісті деңгейде ұйымдастырмаған мектеп әкімшілігінің де жауапкершілігі қаралады, – деп атап өтті ведомство өкілдері.

Бұдан бөлек, зардап шеккен оқушыларға психологиялық-педагогикалық көмек көрсетілгені, сондай-ақ барлық оқушының ата-анасымен түсіндіру жұмыстары жүргізілгені мәлім етілді.

Алматы облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, оқиғаға байланысты кәмелетке толмаған балаға күш қолдану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Зорлық көрсеткен жасөспірім мен оқиғаны бейнежазбаға түсірген оқушының заңды өкілдері – балаларды тәрбиелеу міндетін тиісінше атқармағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Қазіргі таңда екі жасөспірім де профилактикалық есепке қойылған. Сонымен қатар, аталған факті бойынша кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияға қосымша ықпал ету шараларын қабылдау туралы ұсыныс жолданған.

Серіктес жаңалықтары