×
441.44
473.09
4.75
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
441.44
473.09
4.75

Көзге түскісі келген шенеунік немесе Павлодарда парақорлар неге көбейді

Коллаж Ulysmedia.kz

Кейінгі кездері Қазақстанның сот органдарында шенеуніктерге қатысты қаралып жатқан даулы іс көбейіп кеткені жасырын емес. Жемқорлықты тежеуге бағытталған жауапкершіліктің қатаңдатылғанына қарамастан мемлекеттік қызметкерлердің заңды белден басып, қылмысқа баруы тоқтамай тұр. Осы тұста Ulysmedia.kz тілшісі  «журналистерге» байланысты бір істің жай-жапсарын білу үшін сот залына арнайы барып қайтты.

Жыл басынан бері 13 басшы жауапқа тартылды

Таяуда Павлодарда облыстық полиция департаментінің бұрынғы басшысы, ҰҚК экс-төрағасы Кәрім Мәсімовтің інісі Нұрлан Мәсімов пен оның орынбасары Дамир Сиразидимовке қатысты соттың үкімі шыққаны белгілі. Тәртіп сақшылар аса ірі мөлшерде ұрлық жасап, өкілеттіктерін асырғаны үшін айыпталып, темір торға қамалды. Атап айтқанда, Н.Мәсімов 10 жылға, Д.Сиразидимов 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ кәсіпкерлерге қысым көрсетіп, пара алғаны үшін жер ресурстарын басқару департаментінің қызметкері мен «Ертіс орманы» табиғи резерваты бас директорының орынбасары да тиісті жазасын алды. Бұл тізім осылай жалғаса береді.

Кәсіпкерді орындалған жұмыстардың актісіне кедергісіз қол қойдыртуға мәжбүрлеп, 2 млн теңге көлемінде пара талап еткен үшін «Қазпошта» АҚ-ның Павлодар облысындағы филиалы директорының орынбасары да өмірінің үш жылын теміртордың ар жағында өткізеді. Ал көліктік бақылау инспекциясының маманы 7,5 млн теңге көлемінде айыппұл төлеуге тиіс. Ол облыстың автожолдарымен өтіп жүрген жүк көліктерінің иелерінен жүйелі түрде ақша алып отырған.

Павлодар облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің басшысы Медет Амралинов айтқандай, жыл басынан бері 13 мемлекеттік ұйымның басшысы мемлекеттік сатып алу ережелерін бұзғаны үшін жазаланған.

Қазір сот Полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқарма басшысының экс-орынбасары Асхат Байсекенов пен осы ведомствоның бұрынғы аға жедел уәкілі Арман Қалықовқа қатысты тағы екі маңызды істі қарап жатыр. Тергеу мәліметтері бойынша олар Павлодардағы жеке клиниканың иесін пара беруге итермелеген.

Журналистер күнін пара арқылы думандатуды көздеген

Тағы бір істің фигуранты – Павлодар әкімінің бұрынғы орынбасары Арслан Қалияқбаров. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің назарына 36 жастағы азамат маусым айында ілікті. Қала маңындағы жолдарды жөндеумен айналысқан Жәнібек Қожахметов әкім орынбасарының одан 1 млн 800 мың теңгені талап еткені туралы шағымданған.

«Ол әлеуметтік көмек қажет деп қоймады. Одан қандай көмек деп сұрадым. Қаржылай тұрғыда деді. Журналистердің кәсіби мерекесіне орай мейрамхана жалдап, дастархан жаю қажет дегенді алға тартты», деді жапа шеккен кәсіпкер.

Агенттік қызметкерлері белгіленген соманы екі бөлікке бөліп, 14-ші маусымда Қожахметов Қалияқбаровқа 1 млн теңгедей ақшаны табыстаған. Қалғанын белгіленген валюталарды келесі күні берген. Бұдан соң бұл банкноттар шенеуніктің кеңсесі мен көлігінен табылды.

Айыпталушы өз кінәсін мойындаудан аулақ. Мұны ол әдейі ұйымдастырылған «арандатушылық» деп санайды. Әйтсе де сол кезде ақша керек болғанын жасырмады. Оның өзінде игілікті мақсатқа – «журналистердің кәсіби мейрамын дүркіретіп атап өтуге», дегенді айтудан жаңылмады аталған азамат. 

«Одан ештеңе сұраған жоқпын. Ол өзі қандай проблемаларым бар екенін сұрап, қол ұшын созуға ұсыныс тастады. Сол себепті осындай іс-шараны ұйымдастыру қажет екенін түсіндірдім. Көмек қажет болса дайынмын деп айтты. «Қандай көмек көрсете аласың?» деп сұрадым. Ол 1 млн 700 мың теңге бере аламын деді. Мен тарапымнан мұндай бастама көтерілген жоқ», деді сот отырысында айыпталушы.

Осылайша экс-мемқызметкер әріптестерінің алдында өзін танытқысы келгенін айтты. Сондай-ақ Қалияқбаров әкімнің орынбасары ретінде ресми түрде 481 мың теңге көлемінде жалақы алып жүргенін және ақшадан қиналғанда ата-анасынан сұрайтынын жеткізді.

Әркімнің өз шындығы бар

Зардап шеккен кәсіпкер өз тарапынан айыпталушының жөнделіп жатқан учаскеге жиі келіп, жұмыс сапасын сынау арқылы психологиялық қысым жасағанына шағымданды. Қалияқбаров бұл уәжге фирмамен келісімшартты ауыл әкімінің аппараты жасағанын, сонымен бірге өзі тек жұмыс барысын тексеріп, әдіснамалық ұсыныстар ғана бергенін алға тартып отыр.

«Бірінші күні мен оған: «Ештеңе керек емес, жүре бер» дедім. Екінші күні ол бірдеңе тастап кеткендей көрінді. Бірақ одан қанша екенін сұрамадым», – деген Қалияқбаров демалыс бөлмесінде мердігермен болған кездесудің сәті түсірілген жедел видеоның барысын түсіндіріп әлек.

Сотталушыны 7 адвокат қорғаған. Кейіннен 3-уі ғана қалып, олар «антикордың» жедел қызметкерлері бірқатар заң бұзушылыққа жол бергенін дәлелдеуге тырысты.

«Аталған факті бойынша қолға алынған тергеу әрекеттері қылмыстық іс жүргізу кодексі талаптарының өрескел бұзылғанын көрсетіп отыр. Сондықтан оны заңсыз деп танып, дәлелдемелер қатарынан алынып тасталуға тиіс», – деген адвокат Марат Рақымов Калиякбаровқа қарсы қозғалған істе қандай да бір қылмыстық құрамының болмауына байланысты қудалауды тоқтатуды сұрады.

Агенттік қызметкерлері өз кезегінде  аталған «операцияны» жүргізу үшін барлық шара қабылдағанын, сондай-ақ бейнематериалда мерзімдері бойынша сәйкессіздіктер табылса, бұл файлдарды басқасына қайта жазу кезінде байқалған техникалық ауқаулардан болу мүмкін екенін айтты.

Ал облыс прокурорының көмекшісі Дулат Бейсембаев осы істі қарапайым пара алудан  қатаң бопсалау дәрежесіне дейін өзгертуді  ұсынды.

«Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Қалияқбаров кәсіпкер Қожахметовтің қаржылай сома беру талаптарынан бас тарта алмайтындай жағдайлар жасағаны анықталды», – деді заң өкілі.

Бұл ретте қолданыстағы айып өзгеріссіз қалса, Калиякбаровқа 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Ал егер де аталған іс «бопсалау» бабына өзгертілсе, жоғарыдағы азамат темір торда 7 жылдан 12 жылға дейін отыруы ғажап емес.

“Пара алудан” “бопсалауға” өзгерген іс

Қызығы сол, сот процесі жүріп жатқанда жәбірленуші мен айыпталған азамат кездескен екен. Мәселен, Қожахметовтің фирмасы бұрынғы шенеунік отырған тергеу изоляторында жөндеу жұмыстарын қолға алған.

«Оны алғаш көргенде қасынан үндемей өте шықтым. Екінші рет кездескенде істеген әрекетіне өкіне ме, әлде жоқ па соны сұрадым», – деді Ж.Қожахметов.

Осы атышулы істен кейін кәсіпкер оның басқа ірі келісімшарттары бұзылып, қазір компания банкроттың аз-ақ алдында тұрғанын айтты.

Екінші резонансты іс бойынша сот процесі көрші залда жалғасып жатқанын айта кетейік. Онда куәгерлердің пікірі тыңдалып біткенімен танымал дәрігерді бопсалап, ақша сұраған подполковниктердің өздерінен жауап әлі алынған жоқ. 

Серіктес жаңалықтары