Солтүстік Қазақстан облысы Мортық ауылында мал жаппай қырылып жатыр, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
Солтүстік Қазақстандағы Уәлиханов ауданының Мортық ауылында мал жаппай қырылып жатыр. Белгісіз дерттен арам қатқан сиыр-бұқаларды ауыл тұрғындары телефонға түсіріп, әлеуметтік желіде жариялады, дейді Астана телеарнасы.
Бейнежазба авторы Бұйдамхан Әбдікерім 7 жыл бұрын «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасымен несие алып, мал басын көбейткен. Қазір оның қорасында 60-тан астам түлік бар. Шаруаның айтуынша, жаздан бері ауылда белгісіз дерттен 20 сиыр өлген. Облыстық ветеринария басқармасының өкілдері қан сараптамасын алып, зертханаға жіберген. Оның нәтижесі әлі шыққан жоқ. Ал жергілікті шаруалар аурудың белгілері «Қарасан» індетіне ұқсайды дейді.
«Бұл қарасан менің малымды 3 жыл бұрын да өлтірген болатын. Мұның себебі бұл көктемде берілетін вакцина малдарға егілген жоқ. Сондықтан бұл ауру шығып отыр», - дейді ауыл тұрғыны Бұйдамхан Әбдікерім.