×
439.43
473.31
4.82
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
439.43
473.31
4.82

Салтанаттың өлімі: Феминицид пен зорлық-зомбылыққа тоқтау бар ма?

23.11.2023, 08:40
Ашық дереккөзден

Күйеулерінің қолынан жан тапсыратын әйелдердің мәселесі бұған дейін талай мәрте айтылып жүрген-ді. Салтанат Нүкенованың өлімі қоғамдағы зорлық-зомбылық мәселесін одан сайын ушықтыра түсті. Бұл ретте, Алматы қаласында Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы «Қазақстандағы феминицидті тоқтатыңдар! Салтанатты жоқтау!» атты баспасөз мәслихатын өткізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Статистика не дейді?

БҰҰ мәліметіне сүйенсек, Орталық Азиядағы әрбір үшінші әйел мен қыз өмірінің бір кезеңінде зорлық-зомбылыққа ұшырайды екен. Ал елімізде зорлық-зомбылық әр сегізінші отбасында орын алатын көрінеді. Әр жетінші отбасыда әйел экономикалық зорлыққа тап болып, әр алтыншы әйел соққыға жығылады, әр үшінші әйел психологиялық қысымға ұшырайды.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан Қазақстанда жылына 80 әйел көз жұмады. Бұл бес жыл бұрынғы қылмыстық құқықбұзушылықтан 7 пайызға ғана аз. Күніне полициядан көмек сұраған 300 қоңырау соғылады. Биылғы 10 айда осындай заңбұзушылық үшін 50 мың адам әкімшілік, 700 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. 1 шілдеден бастап полиция жәбірленушінің арызынсыз-ақ қылмыскерлерді жауапқа тарта бастады. Әрі қайта татуласу мүмкіндігі жойылғанын атап өткен жөн.

«Төбе шашымыз тік тұрып, бірге жылаймыз...»

Қазақстандағы тең құқықтар мен тең мүмкіндіктер институты қорының президенті, құқық қорғаушы Маргарита Өскембаева 2017 жылы қор жанынан құрылған ARASHA баспанасында бүгінде 600-ден астам ана мен бала қоныстанғанын айтты.

– Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арналған баспанаға келген әр әйелдің тағдыры бөлек. Көрген қорлығын естігенде бірге толқып, жылап та аламыз. Салтанат Нүкенованың өлімі бізді одан сайын есеңгіретіп жіберді. Әдетте көпшілік қауым зорлық-зомбылыққа тұрмысы төмен, көпбалалы отбасыдағы әйелдер тап болады деп ойлайды. Материалдық жағдайы жақсы, лауазымды қызметтегі туыстары бар Салтанаттың өлімі ол пікірдің қате екенін дәлелдегендей. Отбасыдағы зорлықты соғыс деп алсақ, оны ел ішіндегі соғыс деп те қарастыру қажет. Бұл мәселе ушығып, бақылаусыз қалатын болса арты жақсылыққа апармайтыны сөзсіз, – деді Маргарита Өскембаева.

ХХI ғасырдағы «Қорғансыздың күні»

Құқық қорғаушы, феминист Әйгерім Құсайынқызы әйелдерге қарсы қылмысты феминицид деп тануға шақырды.

– Фенминицид дегеніміз – халықаралық құқықта әйелді әйел болғаны үшін өлтіру. Гендерлік қылмыс ретінде тануымыз керек. Себебі еркек азаматты өлтіру мен әйел азаматты өлтірудің себебі екі түрлі. Феминицидті біз феминистер ретінде Қылмыстық кодекске қосу керек деп есептейміз. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы жазаны күшейту мәселені шешпейді. Оны қылмыстық кодекске енгізу керек. Қазақстанда әйелдің өмірін құнды деп танымай келген Мәжіліс, Сенат, Президент және Үкімет. 2017 жылы олар неліктен феминицидті Қылмыстық кодекстен алып Әкімшілік кодекске қосты? Алты жыл ішінде бізде қаншама әйел күйеуінің және жақындарының қолынан қаза тапты. «Судың да сұрауы бар» дейді қазақта. Ал қазақ әйелінің сұрауы бар ма? Жоқ. Ол оны сұраған әйелдердің сөзіне құлақ түрді ме? Жоқ. Нәтижесі – Салтанат Нүкенованың өлімі, – деді Құсайынқызы.

Құқық қорғау органдары «ұйқыда»

Психотерапевт Нұржамал Иминова Қазақстанда психотерапевтік көмекке жүгінген әрбір екінші әйел зорланған, ал әрбір бесінші әйел кәмелетке толмаған кезінде зорланғанын айтты.

– Сыбайлас жемқорлыққа «байланған» құқық қорғау жүйесі агрессорлардың жасырынып, жауапкершіліктен жалтаруына әкеп соғуда. Елімізде психикалық денсаулыққа өте аз көңіл бөлінеді. Мемлекет саңырау, – деді Дәненова.

Ол Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықты криминализациялаумен қатар, агрессорларды психологиялық және психотерапевтік түзету және суицидке бейім балалармен жұмысты қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік бағдарламаларды кеңейту қажет екенін айтты.

Естеріңізге салсақ, жұбайы Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен экс-министр Қуандық Бишімбаев екі айға қамауға алынған болатын.

Оралхан ҚОЖАНОВ

 

Серіктес жаңалықтары