×
448.15
483.46
4.86
#қаңтар қақтығысы #сайлау #Украинадағы соғыс #Палестина #жемқорлық #тағайындау
448.15
483.46
4.86

Мұз құрсауындағы Екібастұз: «Екібастұзтеплоэнерго» басшыларына жаза кесілді

23.11.2023, 17:10
Ашық дереккөзден

Павлодар облысында «Екібастұзтеплоэнерго» ЖШС басшылығына қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шықты. Үш директор ҚР Қылмыстық кодексінің 254-бабында көзделген қызметтік міндеттерін адал атқармағаны үшін кінәлі деп танылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Жылусыз қалған қала

Еске сала кетейік, 2022 жылдың қараша айында Екібастұзда 149 көпқабатты және 114 жеке тұрғын үй, сондай-ақ 15 әлеуметтік нысан жылусыз қалған болатын. Кейіннен суық цехта импульстік желі қатып қалғаны белгілі болды. Бұл – қысымның тұрақсыз көрсеткіштеріне және қосымша сорғының іске қосылуына алып келді. Қысымның күрт артуы желілерде жарылыстарды тудырды. Бұған дейін қаладағы негізгі жабдықтардың, өндірістік ғимараттар мен жылу желілерінің нашар жағдайына қарамастан 2022-2023 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық актілеріне қол қойылған болатын.

Жаза қандай?

Сот «Екібастұзтеплоэнерго» ЖШС бас директоры Павел Мельничук пен жылу электр орталығының директоры Виктор Веберді, сондай-ақ жылу желілерінің басшысы Евгений Горватты екі жарым жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесті.

Мемлекеттік айыптаушы тараптың айтуынша, Екібастұзда жылу электр станциясының істен шығуы, көптеген екпінді желдер мен техногендік апат «Екібастұзтеплоэнерго» мекемесі басшыларының қызметтік міндеттерін дұрыс орындамауы, жұмысына адалдық танытпауы және тәртіп бұзуы салдарынан орын алған.

Прокуратура соттан кінәлілерді екі жарым жылдан бес жылға дейін бас бостандығынан айыруды, ең төменгі режимдегі колонияда өтеуді сұрады.

Айыпталушылар мен олардың қорғаушылары кінәларын мойындамай, мемлекеттік органдар ұстанған тарифтік саясаттың салдарынан жөндеу жұмыстарына қаражаттың жетіспейтінін айтты. Олардың айтуынша, станция мен желілердің тозуы – бұрыннан белгілі проблема. Кәсіпорын басшылары бұған бірнеше рет назар аударып, жиналыстарда, хаттарда тарифтерді көтеруді, тіпті мүлікті коммуналдық меншікке қабылдауды өтінгенін алға тартты.

«Бұл қылмыс онша ауыр емес санатқа жатады. Ол үшін бес жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе шектеу жазасы қарастырылған. Жауапкершілікті ауырлататын және жеңілдететін мән-жайлардың жоқтығын ескере отырып, баптың талаптарына сәйкес жаза мөлшері Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 55 бабы 2 бөлігі көрсетілген мерзімнің жартысынан, яғни ең жоғары мерзімнің жартысынан аспауы керек», – деп түсіндірді судья Әсел Тазболатова.

Үкім заңды күшіне енген жоқ және оған шағым жасауға болады.

Оралхан ҚОЖАНОВ

Серіктес жаңалықтары