Сенат отырысында Дана Нұржігітова осы проблеманы көтеріп, мәселенің мәнісін экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешовтан сұрады, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
Сенатор Каспий теңізінде экологиялық апаттарды болдырмау, теңіз ортасын таза ұстау, теңіз суының тартылуына жол бермеуге бағытталған жұмыстарына қатысты министрді мынадай мәселелерге назар аударуға шақырды.
«Қараусыз, иесіз қалған ескі ұңғымаларды консервациялау мәселесі: осындай ұңғымалардың санын анықтап, оларды жоюға бағытталған бағдарлама 2010-2021 жылдар аралығында жүргізіліп келеді. Осы бағдарлама шеңберінде анықталған 132 апаттық ұңғыманың 126-ы бүгін де жойылған. Енді қалған 6 ұңғыманы жоюға бағытталған ұңғымаларға 2023 жылдың бюджетінде қаржы қарастырылады деп жоспарланып отыр. Бұл сұрақ мәжілісте де көтеріліп, арнайы депутаттық сауал да жолданды. Кезең-кезеңге бөлінген бұл жұмыстар бүгін де қай межеде? Осы жұмыстар шеңберінде теңіз түбінде қалып отырған ұңғымаларды жою ісі ексерілген бе?» - деді сенатор.
Бұл сұраққа жауап берген Серікқали Брекешов Каспий теңізінде экологиялық апаттарға жол бермеу мәселесі ерекше бақылауда екенін мәлім етті.
«Шынында да 2010 жылдан бері 132-ден аса ұңғыма айқындалған еді. Оның ішінде мемлекеттік бюджет есебінен 126-ы жойылды. Биылғы жылға 6 ұңғыма жоюға жатады. Атап айтқанда Ақтөбе облысында үшеу, Маңғыстау облысында екеу, Атырау облысында бір ұңғыма бар. Атырау облысы бойынша айтар болсақ, қазіргі уақытта Қазмұнайгаз компаниясы Энергетика министрлігімен келісімшарт жасау үшін тікелей келіссөздерді жүргізіп жатыр. Сондықтан осы ұңғыма жою жұмыстарын жер қойнауын пайдаланушының қаражаты есебінен жүргізіледі. Ал қалған бесеуі 2022 жылы жобалық-сметалық құжаттама дайын болғаннан кейін жою жұмыстарына кірісеміз», - деді ол.
Министрдің айтуынша, Каспий акваториясы Меруерт Оперейтинг және Исатай Оперейтинг кезінде барлау жұмыстарын жүргізген. Сол кезде бұрғыланған ұңғымылар қазіргі уақытта жойылғаны анықталған.