×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

Маралдыда жиналған халық қатысудан бас тартқан қоғамдық тыңдауды әкімдік «өтті» деп таныды

20.12.2023, 20:46
Маралдыда жиналған халық қатысудан бас тартқан қоғамдық тыңдауды әкімдік «өтті» деп таныды
Фото: Скриншот

Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралды ауылында 19 желтоқсанда жүздеген адам жиналып, қоғамдық тыңдауға қатысудан үзілді-кесілді бас тартты. Олар осылайша, ауылда салынуы көзделген алтын өндіру фабрикасына қарсылық білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

2023 жылы 19 желтоқсанда ауылда алтын өндіру фабрикасына байланысты қоғамдық тыңдау өтетінін естіп, жергілікті тұрғындар Мәдениет үйіне жиналған. Алайда ауыл тұрғындары қоғамдық тыңдауға тек әкімдік пен компания өкілдері жиналып, өз-өздерімен тыңдау өткізді дейді.

«Маралды халқы далада тұр. Барлығы өндіріске қарсы. Халық клубта өтіп жатқан тыңдауға кірген жоқ. Бірақ билік өздері тыңдау жасап жатыр. Ылғи бөтен адамдар», - дейді ауылда түсірілген видео бойынша түсінік берген Маралды тұрғыны.

Жергілікті тұрғындар тыңдауға Маралды халқымен бірге Қыстау Күршім мен Үшбұлақ ауылының тұрғындары келгенін айтады.

Ал бүгін Өскемен қаласында халықпен кездесу өткізген Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев қоғамдық тыңдау өтті деп есептейді.

«Заңға бәрі сәйкес болды. Тыңдау халықтың ой-пікірін жеткізеді. Егер заң бойынша тіркелген адамдардың саны жеткілікті болса, тыңдау өткен деп есептеледі», – Ермек Көшербаев.

Маралдыға 19 желтоқсанда жиналған халық ауыл клубына тыңдау өткізу үшін мүлде бөтен адамдар қатысқанын айтып отыр. 

Маралды тұрғындары экологияға алаңдап, екі жылдан бері алтын өндірушілерге қарсы наразылық білдіріп келеді. Сол мақсатта президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа дейін үндеу жасаған. Кейін Күршім ауданы әкімдігі фабрика құрылысы уақытша тоқтатылды деп мәлімдеген. Десе де сот фабриканың салынуы заңды деген шешім шығарған.

Маралды ауылындағы алтын дауы өршімесе басылар емес. Маралды тұрғындары мен осы ауылдан шыққан азаматтар екі жыл бойы ресми органдарға ондаған хат жазып, жауапты басшылармен кездессе де, алтын зауыты құрылысын тоқтата алмаған. «Тоқаевтан басқасының бәрімен кездестік, әділдік таба алмадық» дейді олар.

Осы жылдың 19 шілдесінде маралдылықтар мен алтын зауыты «күзетшілері» арасында болған қақтығыстан кейін 25 шілдеде ауылға тағы да Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі және облыс, аудан әкімдігі билігінен өкілдер барған. Алайда министр, облыс әкімі деңгейіндегі шенеуніктер Маралдыға әлі де аттап басқысы келмейді. Ал ортаңқол шенеуніктердің келгенінен «пайда болмады» деген маралдылықтар екі күн бұрын тағы президентке үндеу жолдаған.

Ал биыл жазда ауылдағы халықтың алтын зауытындағылармен текетіресі қантөгіске ұласа жаздаған. Ulysmedia.kz тілшісі 19 шілдеде Маралдыда болған оқиғаны өз көзімен көріп, портал бетінде баян еткен еді.