Сағат түнгі 02:20 уақытында Медеу ауданындағы Тау-Самал шағын ауданында техногендік сипаттағы апат болып, топырақтың сырғып үйлерді басып қалған. Бұл туралы әкімдікке сілтеме жасай отырып Ulysmedia.kz хабарлайды.
Соның салдарынан Медеу ауданында екі үйге зақым келген. Алдын ала ақпаратқа сәйкес, зардап шеккен үйде төрт адам, оның ішінде екі бала болған.
Оқиға орнында Қазселденқорғау мекемесінің, Құтқару қызметінің (109), Республикалық жедел-құтқару жасағы, Алматы ТЖД, Жедел медициналық көмек бригадасы, Медеу ауданының әкімдігінен 160 адам және 30 бірлік техника жұмыс істеп жатыр.
№47орта мектепте жақын маңдағы үйлердің тұрғындары үшін эвакуациялық пункт ашылды. Хабарламада тұрғындар пунктке жүгінгеннен кейін өз бастамалары бойынша туыстарының үйіне кеткені жазылған.
Болған оқиғаның себептерін тергеу үшін арнайы топ құрылған.
Бүгін Алматы әкімі Ерболат Досаевтың Медеу ауданының тұрғындарымен кездесуі 9 ақпанға ауыстырылды.