Су тасып, күрделі жағдайда қалған ауылдардың бірі – Қарағанды облысы Шет ауданы Қайрақты ауылы. Аталған ауылдың халқы видеоүндеу түсіріп, үйлеріне кіре алмай отырғанын айтып шағымданды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
“Халықтың жағдайын сұрамайды”
Ауылдан жолдаған видеоүндеуде Қайрақты халқы жиналып, үкімет басына, аудан және ауыл әкіміне жолдау жіберуді жөн деп шешкен.
– Ауыл азаматтарының уәжі бар: ауылды су басып кетті, ешқандай көмек жоқ. Кеше халықты әкеліп тастады. Үйлері су кірген. Жас балалары шетінен ауырып жатыр. Жол жоқ. Халықта отын да, су да ағып кетті, – дейді олар.
Қайрақтылықтар әкімдік тарапынан еш көмек көрсетілмегенін айтты.
– Халықтың жағдайын сұрамайды. Халық не істерін білмей абдырап жүр. Қонатын жер жоқ. Бұл Үкімет бізге қашан көмектеседі? 2015 жылы су тасыған кезде дәл осылай алдап тастап кеткен. Келешекте құлап жатқан үйлеріміз бар, кеткен малымыз бар, қорамыз бар. Соны біздің әкімдік тексеріп, қашан өтеп береді? Алдап кетіп жатыр. Қағаз жүзінде оны ешкім келіп тіркеп жатқан жоқ. Бұл халықтың жанайқайы», - дейді олар.
Су тасқыны қаупі бар өңірдің бірі – Қарағанды облысы
2 сәуірде үкімет басшысы Олжас Бектенов бүгін су тасқынына байланысты үкімет мүшелері мен министрлерге бірқатар тапсырма берді. Оның айтуынша, эвакуациялау – бірінші кезекте, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Бектенов сол себепті құтқарушылардың жұмысын қиындатпай, оларға қарсылық емес, керісінше, қолдау көрсету керектігін айтады.
Қазақстанның бірнеше өңірінің халқы неше күннен бері су тасқыны азабын көріп жатыр. Төтенше жағдайлар министрлігі су тасқының жағдайына “тұрақты-күрделі” деп баға береді. Батыс аймақтарда су аздап төмендеген, орталық, солтүстік және шығыс бөліктерінде керісінше өзендер деңгейінің қарқынды жоғарлауы байқалады. Су басу аймағында 5 облыстар қалуда, әкімдіктермен жергілікті ауқымдағы 20 төтенше жағдай жарияланған. Бес облыстың бірі – Қарағанды өңірі.