Сапалы ауызсуға жарымаған Жетісу облысының тұрғындары шағымданып жатыр. Олардың айтуларынша, үш жыл бұрын 200 миллион теңгеден астам бюджет ақысына басталған ауыз су жүйесінің құрылысы әлі аяқталмаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Не болды
31-арнаның «Информбюро» жаңалықтар бағдарламасының тілшілері наразы топпен тілдесіп қайтқан.
Бүгінде тұрғындар суды осыдан 46 жыл бұрын салынған мұнарадан алып отырған көрінеді. Айтуларынша, жекенің қолындағы нысан әбден ескірген. Сапасы нашарлаған суды құрылғы арқылы жер астынан тартады екен.
Біздің ауылдың суының сапасы өте нашар. Тұзды су тіпті тұтынуға жарамайды. Амалсыздан ішіп отырмыз. Шәйнектің ішін қарасаңыз, тіпті қайнамайтындай қақ жиналған. Мұның бәрі зиян ғой, денсаулыққа, – деді Қаратал ауданының тұрғыны Қаламқас Омарова.
Әкімдік не дейді
Әкімдіктегілер Сарыбастауға су әкелу үшін облыстық және республикалық бюджеттен 233 млн теңге бөлінгенін растады. Алайда мердігер компания бір жылда пайдалануға берілуі тиіс су жүйесін мерзімінен кешіктірген. Тараптар соттасып, медиация тәртібімен татуласып, жұмыс қайта жалғасып жатыр екен.
Қазір 80% жұмыс аяқталған. 7,9 сеть 111 құбырмен келіп тұр ауылға. Резервуар салынды. Бір көтерме сорғы салынды. 2021 жылы қазған 40 метрлік ұңғымадан су шықпай жатыр, – деді Қаратал аудандық ТҮКШ және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Талғат Уәлиев.
Мердігерлер қателіктерін мойындады
Мердігерлер қателік кеткенін мойындап отыр.
Бұл жерде қосымша мердігерлерден қате кетті. Жасыратыны жоқ, бізден де қате кетті. Уақытында қадағаламадық. Соларға сендік. Қазір енді өзіміз кіріп, өзіміз жасап жатырмыз. Құдық дұрыс болмай, қайта қаздырып жатырмыз. Ауылға су береміз деп дайындалып жатырмыз, – деді мердігер компания өкілі Қанат Жұмәділов.