Атырау облысы Жылыой ауданы Құлсары қаласы тұрғындары ауыз судың тапшылығына қатысты дабыл қағуда, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Не болды
«Ақжайық» басылымы жазғандай, қала Қиғаш өзенінен келетін суға тәуелді.
Су сағаттап берілуде. Белгіленген уақыттарда жеткілікті суды жинап алу мүмкін емес. Оның үстіне судың түсі өзгеріп кеткен, сап-сары әрі бөтен иісі бар. Бұл ішуге де, кір жууға да келмейді. Көпқабатты үйде тұратындар әжетханаға су таба алмай отыр, бұл не масқара? Дүкендердегі суға таласып отырмыз, ол да жетпей жатыр, - дейді су мәселесінен қиналған Құлсары тұрғындары.
Қала Қиғаш өзенінен келетін суға тәуелді. Өзеннен келетін техникалық су «Магистральдық суағызғы» ЖШС арқылы тазаланып, «Жылыойсу» МКК-нің су айдау станциялары арқылы таратылады.
Тазартып үлгермей жатыр
Бұл жағдайға қатысты «Жылыойсу» МКК әкімшілігі тұрғындарға хабарлама таратқан:
«МКК-ның су айдау станциясының (ВНС) су сақтау қазандарындағы су деңгейі азайып кетіп отыр. Оған себеп, ВНС-қа су жеткізіп беруші «Магистральдық суағызғы» ЖШС-нің су тазарту станциясы (ВОС) тарапынан Қиғаш өзенінен келіп тұрған техникалық суды тазартып үлгермеуіне байланысты болып отыр. Яғни, ВНС-ты қажетті су қорымен қамтамасыз ете алмауда. Қазандардағы су көлемінің аз болуына орай тұрғындарды сумен жеткілікті қамту мүмкін емес».
Су бүгінде кестемен берілуде, таңертең сағат 06.00-09.00, түсте 11.00-14.00, кеште 18.00-21.00.
Судың өзгерісіне байланысты «Магистральдық Суағызғы» ЖШС бас директорының міндетін атқарушы Е. Таңқыбаев мекемелерге мынадай тұрғыда хабарлама жолдаған.
Судың сынамасы алынды
«Астрахань-Маңғышлақ» магистральдық суағызғысын қайта құру және кеңейту, 1-кезек» жобасын іске асыру шеңберінде, 56-207 км магистральдық құбыр жолының жаңа учаскесі пайдалануға берілді. Осыған байланысты органолептикалық көрсеткіштер бойынша «Астрахань-Маңғышлақ» магистральдық суағызғысы берілетін техникалық су сапасының шамалы өзгеруі мүмкін екендігін хабарлаймыз, - делінген хабараламада.
Құлсары қаласының әкімі Қадыржан Адиновтың айтуынша, қазіргі таңда «Ұлттық сараптама орталығының» Жылыой аудандық филиалы мамандары «Магистральдық суағызғы» ЖШС-нің аудандық филиалы мен «Жылыойсу» МКК-ның су қазандарынан сынама алды. Бүгінде сынама қорытындысын күтіп отыр.
Жалпы мониторинг бойынша су құбырларынан ай сайын су сынамасы алынатын болса, тасқын су басқан уақыттан бастап апта сайын орталық су құбырларынан су сынамасы алынып келеді. Соңғы өткен аптадағы су сынамалары қортындылары таза. Осы аптада алынатын су сынамалары қортындылары шыққасын қосымша хабарланатын болады, - дейді Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әлия Бекешова.