×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

«Шарлапаевтың сөзі өтірік»: министр Маралдыға барған депутаттарға не деп жауап берді

13.06.2024, 15:08
«Шарлапаевтың сөзі өтірік»: министр Маралдыға барған депутаттарға не деп жауап берді
Коллаж: ulysmedia.kz.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралды ауылындағы алтын өндірісіне қарсы халықтың наразылығына байланысты Ulysmedia.kz тілшісінің бірнеше сұрағына жауап берді.

Шарлапаев не дейді

– Сіз өткенде алтын фабрикасына қарсы Маралдыда шағын адам ғана наразы екенін айтқан едіңіз. Бірақ таяуда ол ауылға екі депутат – Ринат Зайытов пен Мақсат Толықбай барып қайтты. Ринат Зайытов «министр Шарлапаевтың айтқаны өтірік екен, бүкіл халық қарсы болып отырғанын көрдік» деді. Енді сіз не дейсіз?

– Депутаттың қасында әкімдіктің, министрліктің өкілдері болды. Кім өтірік айтып жатыр – ол белгісіз. Себебі біздің ақпаратымыз бойынша, кешегі бірнеше мақала интернетте жарияланды. Ауылдың бірнеше тұрғыны жұмысын күтіп жатыр немесе бастап жатыр. Осы фабрикаға қарсы. Сонымен, депутаттардың айтқанын да тексеру керек. Өзіңіз сол ауылға барып қайттыңыз ба?

– Иә, мен былтыр барғанмын. Депутаттардың көргенін мен де көріп қайттым. Ол жерде көп адамның алтын фабрикасына қарсы екенін де. Сіз барасыз ба?

– Әрине, барамыз.

– Қашан?

– Қазіргі таңда осы аптада Үкіметтің отырысын Оралда өткізгенімді көріп тұрсыздар ғой. Бүкіл Қазақстанда үй құрылыстары жүргізіліп жатыр. Зардап шеккен азаматтардың үйлерін бітіріп жатырмыз.

– Мерзім бойынша?

– Жылдың аяғында әрине, барамыз Маралдыға. Түсінемін. Менің айтқаным – есіңізде болса, Маралды тұрғындарының да пікірін ескеруіміз қажет. Менің ақпаратым бойынша, Маралдыда жартысы «жұмыс керек, бізге жаңа жол, аурухана керек» дейді. Жаңа инвесторлар оның бәрін қамтамасыз етіп жатыр. Бірақ жартысы емес, бірнеше адам «бізге жаңа инвестор керегі жоқ» дейді.

– Нақты есеппен айтып тұрсыз ба? Ауылдың жартысы туралы ақпаратты қайдан білесіз?

– Министрліктің тарапынан біздің вице-министр осы жерде болды. Үлкен отырыс жасады. Ауылдың бүкіл адамдарын шақырды. Олардың ішінде біздің ақпарат бойынша бірнеше пікірлер бар. Тұрғындардың өзінің ішінде. Менің қолымда қазіргі таңда сондай ақпарат бар. Біздің вице-министр барды.

– Санақ жүргізіп соған сүйеніп отыр ма?

– Отырыстың шеңберінде адамдардың біреулері қарсы шығып жатыр, біреулері «бізге жұмыс орыны, жол, жаңа аурухана, ауылдың жағдайын жақсарту керек» дейді. Инвестор кетсе, осы ауылдың жағдайын қалай көтереміз? Осы сұраққа кім жауап береді? Депутаттар барады, жарайды. Жаңа инвесторды алып тастаймыз дейді. Ауылдың жағдайы үшін барған депутаттар қалтасынан қаражат төлей ме? Төлемейді.

Қазір қаншама зардап шеккен азаматтарға үй беріп, салып жатырмыз. Мемлекеттің қаражаты шексіз бе? Шексіз емес. Мемлекеттің ең басты рөлі – инвестор тарту үшін жағдайды көтеру. Ал популизм айтуға... Мемлекеттің қаражаты шексіз емес.

Депутаттардың сапары

Еске сала кетейік, Шығыс Қазақстанның Күршім ауданы Маралды ауылындағы тұрғындары алтын өндіретін зауытқа қарсы наразылығын бірнеше жылдан бері білдіріп келеді. Жақында сол ауылға Мәжіліс депутаттарынан Ринат Зайытов пен Мақсат Толықбай барып қайтқан. Ulysmedia.kz тілшісі осы ретте Ринат Зайытовты сөзге тартып, Маралдыда нені көріп, нені білгенін сұраған еді.

– Көп ақпарат бізге теріс жеткеніне көзім жетті. Бізге мысалы, “Маралдыдағы 30 шақты адам жұмысқа кірген”, министр Шарлапаевтың “азғантай ғана топ бүкіл ауылды қорқытып отыр” деген сөздері өтірік болып шықты. Менің көзім көргені – сол. Халықпен ашық кездесу өткіздік. Ол жерде бірде-бір адам “мен жұмысқа кірдім” деген жоқ. Бүкіл ауылдың ішінде “мен зауыттың салынуын қолдаймын” немесе “маған бәрібір” деген бір адамды да көрген жоқпыз. Түгелі түбегейлі қарсы болып отыр, – деген еді депутат Ринат Зайытов.

8 мамырдағы шу

Маралды ауылында жергілікті жұрт биыл 8 мамырда алтын өндіруді көздейтін кәсіпорын алдына тағы жиналған. Бұл жолы ауылға «Байтақ» партиясының өкілдері барған. Партияның ауылдағы жиыны Мәдениет үйінде емес, сыртта өтіп, артынша тұрғындар тау үстіндегі кәсіпорынға жеткенде алдынан компания басшылығы мен автомат асынған арнайы жасақ шыққан. 

Осы видео әлеуметтік желілерде талқыланды. Толығырақ не болғанын әрі неге дауға нүкте қойылмай келе жатқанын Ulysmedia.kz тілшісі анықтап көрген еді.

Дау басылар емес

Осылайша, Маралды ауылындағы алтын дауы өршімесе басылар емес. Былтыр 19 шілдеде маралдылықтар мен алтын зауыты «күзетшілері» арасында болған қақтығыстан кейін 25 шілдеде ауылға тағы да индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі және облыс, аудан әкімдігі билігінен өкілдер барған. Алайда министр, облыс әкімі деңгейіндегі шенеуніктер Маралдыға әлі де аттап басқысы келмейді. Ал ортаңқол шенеуніктердің келгенінен «пайда болмады» деген маралдылықтар одан кейін де президентке үндеу жолдаған.

Маралдылықтар «алтын шаятын қоспалар экологияны ластап, өзенді былғайды, өндірісті қолданылатын цианид халықтың денсаулығына кері әсер етеді» деп есептейді. Ал компания басшылығы оны жоққа шығарып, жұмысты талапқа сай істейтінін айтады.

Маралды ауылының іргесінде Maralicha және Maralicha-Gold деген тау-кен кәсіпорындары жер қойнауын барлап, «ВСАМ Продакшн» компаниясы сол жерге алтын өндіретін фабрика салуды көздейтіні хабарланған. Ал Азаттық басылымының тілшілері фабрика салатын компания иелерінің бірі, кәсіпкер Айдын Рамазановтың Шығыс Қазақстан облысының әкімі қызметінен таяуда босаған Даниал Ахметовтің ұлымен бизнес-серіктес екенін анықтаған.

Былтыр шілдеде ауылдағы халықтың алтын зауытындағылармен текетіресі қантөгіске ұласа жаздаған. Ulysmedia.kz тілшісі 19 шілдеде Маралдыда болған оқиғаны өз көзімен көріп, портал бетінде баян еткен еді.