Әкімдердің ішінде Ulysmedia.kz порталының «үш жарым сұрағына» толыққанды жауап жолдағандардың басшының бірі – Гүлшара Әбдіхалықова болды. БАҚ-қа бейілділігі, айлығы мен қызметтік көлігі жайлы сұрақ Қызылорда облысының әкіміне де жолданған болатын.
БАҚ-ҚА СҰХБАТ
БАҚ-қа бейілділігі жағынан Гүлшара Әбдіхалықова ашықтық пен жариялылық жұмыс тиімділігін арттыратынын айтады.
«Атап айтсақ, 2021 жылдың басынан бері облыс әкімінің өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші туралы республикалық «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының «Әйел әлемі» бағдарламасына, «Astana» телеарнасының «Тәуелсіздік жолы» бағдарламасына және Сырдария өзенінің жағдайына қатысты республикалық «Tengrinews.kz» сайтының «youtube.com» каналына арнайы сұхбаты берілді. Сонымен қатар облыстық «Qyzylorda» телеарнасына атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар бойынша арнайы сұхбат ұйымдастырылды», - делінген әкім жолдаған жауапта.
Қызылорда өңірі басшысының республикалық мерзімді басылымдар мен интернет сайттарға аймақтың даму динамикасы туралы тұрақты түрде сұхбаттар мен мақалалары жарияланып тұрады екен. Бүгінге дейін Гүлшара Әбдіхалықова ОКҚ алаңында екі рет баспасөз мәслихатын өткізіп үлгерген.
КӨЛІГІ МЕН ТЕЛЕФОНЫ ЖАЙЛЫ
Аймақ басшысы қызмет барысында 2011 жылғы «Mercedes-Benz 320 SI» маркалы автокөлігін, Apple iPhone XS Max (iPhone 10) ұялы телефонын пайдаланады.
«Мемлекеттік саяси қызметшілерге жалақы есептеу туралы қаулысына сәйкес есептеледі. Аймақ басшысының 35 жылдық еңбек өтілі ескеріле келе бір айлық лауазымдық айлықақысы 967 мың 671 теңгені құрайды. Сондай-ақ, қазіргі таңда ҚР Үкіметінің Қаулысымен бекітілген 2021 жылғы 1 шілдеден бастап балдық-факторлық жүйесі енгізіліп, облыс әкімінің еңбекақысы тиісті лауазымдық деңгейі бойынша есептелініп, төленеді. Айта кету керек, облыс әкіміне сыйақы мен бонус төленбейді», - дейді Гүлшара Әбдіхалықова.
Естеріңізде болса, 2020 жылы шілде айында Қызылорда қаласында әкім жүретін жерлерде басқалар үшін жолды жауып тастауына байланысты тұрғындар наразылық білдірген.
«Сіз жолды жабуды бұйырдыңыз ба? Сіз ханның қызысыз ба? Неге сіз халықты қинайсыз, неге халықпен бірге емессіз?», - деді көлікке мініп бара жатқан әкімге қала тұрғыны.