Түркістан облысы әкімдігінің қаулысымен «Жасыл аймақ» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне жасыл белдеу аймағын құру үшін орман қоры жерінен 103 га жер учаскесі тұрақты жер пайдалану құқығымен берілген еді. Алайда мекеме басшыларының 1 млрд аса қаржыны тиімсіз жаратқаны белгілі болды, деп хабарлады Ulysmedia.kz. otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
БЮДЖЕТТЕН 24 МЛН АСТАМ ТЕҢГЕ ЖҰМСАЛҒАН
Мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы бюджет қаржысын тиімді пайдалану заңдылығын тексеру кезінде мекеме басшылары тарапынан табиғи түрде жабайы жүзген, жыңғыл ағаштары өсіп тұрған жер учаскесіне қандай да бір жұмыстар жүргізілмегеніне қарамастан, 3 мыңға жуық сексеуіл ағаштары отырғызылғанын, жерсінуі 56 % құрағанын және бюджеттен 24 млн астам теңге жұмсалғанын растайтын құжаттарға қол қойылғанын анықтады, - делінген хабарламада.
Бұдан басқа, егуге жарамсыз және тиімсіз жер учаскелеріне орман екпелерін отырғызу, суару, трансформатор орнату, тыңайтқыштарды шашу жұмыстарын жүргізу арқылы 1 млрд аса қаржыны тиімсіз жаратқан.
ТЕРГЕУ БАСТАЛДЫ
Осыған байланысты Прокуратура Қылмыстық кодекстің 189-бабымен 2 қылмыстық іс тіркеп, тергеп-тексеру үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс –қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментіне жолдады.
Бұған дейін белгілі болғандай,Түркістан қалалық соты жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы мен оның сыбайласы сотталған болатын. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан өңірінде жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы А. Мырзаевқа, оның сыбайласы А. Балтабаевқа және осы департаменттің бөлім басшысы Б. Жетпісовке үкім шыққан еді.