Қазақстан үшін алдағы бес жылда үш ауысымды мектептерді жабу жоспары – тиісті деңгейдегі қойылған мақсат емес. Шын мәнінде оқушылар тек бір ауысымды мектепте оқуы керек. «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының директоры, Ұлттық кеңес мүшесі Рауан Кенжеханұлы осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ulysmedia тілшісі.
Айта кетсек кеше Қазақстан халқына Жолдауын жариялаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін елде 1 мың мектеп салынатынын мәлім еткен еді.
«Орта білім беру жүйесінде мектептерде орын жетіспеушілігі мәселесі әлі де өткір болып тұр. Дефицит – 225 мың орын. Шұғыл шара қабылдамасақ, 2025 жылға қарай бұл қажеттілік миллионға дейін жетуі мүмкін. Мен бұдан бұрын 2025 жылға қарай 800-ге жуық мектеп салуды тапсырғанмын. Мен бүгін осы тапсырманы 2000 мектепке дейін арттыруды жүктеймін», - деді Президент Қазақстан халқына Жолдауында.
Алайда Рауан Кенженханұлының пайымдауынша, бұл мәселені түпкілікті шешпейді. Ұлттық кеңес мүшесінің айтуынша, бұған өту үшін шын мәнінде Қазақстанға әлі де үш мың мектеп керек. Бізге жетпей тұрған қазіргі оқушы орыны – 2 млн.
«Біз бұрын бұл мәселені көтерген кезде ол жауаптылар тарапынан өте ауыр қабылданды. Шын мәнінде әріптестер сол кезде бірден ала кетпеді. Себебі дәстүрлі түрде бұл проблеманы реттеуді ойлап, мектептерді салып, мұғалімдерді көбейте берсек – бұл өте қымбат. Оған біздің шамамыз жетпейді. Бірақ осы бағытта қозғалыс бар. Былтыр жаңадан 800 мектептің салынатыны айтылған еді. Соның өзі бізге демеу болатын. Кешегі Жолдауда соны мың мектепке дейін көбейтеміз деді. Бұл да осы мәселенің шын ауқымын мойындау деп есептеймін», - дейді ол.