"Жібек жолы" арнайы экономикалық аймағының 20 пайызы үлесі Жамбыл облысы әкімдігіне беріледі. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихаты барысында аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ӘКІМ НЕ ДЕЙДІ
ОКҚ алаңында Ербол Қарашөкеев «Жібек жолы» арнайы экономикалық аймағында күні кеше SANY Renewable Energy деген үлкен мекеме жел генераторларын іске қосу үшін гондолаларды, басқа да құрал-жабдықтарды шығаратын үлкен зауыттың құрылысы басталғанын айтады. Жобаға 50 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған.
– Басқа да жобаларды алар болсақ, теріден желатин шығаратын үлкен өндірістің құрылысын жүргізу жұмыстары жалғасып жатыр. Тағы да бір айта кетерлігі, орташа және кіші жобаларға үлкен бизнес ғимараттарын салу мәселесі де өзекті. Іргетасын құю жұмыстары басталып жатыр. Үлкен металлургиялық зауыттың да құрылысы келесі жылдан басталады. Қазір қосымша жер мәселесін пысықтау, бөлу мәселесін де қарастырып жатырмыз. Негізі «Жібек жолы» арнайы экономикалық аймақтың қазір қарқын динамикасы жаман емес. Біз өз тарапымыздан арнайы министрліктен де сөйлестік. Арнайы экономикалық аймақтың құрылтайшы санатына кіріп жатырмыз. Яғни, Жамбыл облысы құрылтайшы болған жоқ, министрліктер болды. Сол себепті біз 20 пайыз үлеске кіріп, құрылтайшы болып, жұмысты қайтадан жандандырамыз, – дейді Қарашөкеев.
Оның сөзінше, аймақта бұрын да 3-4 жоба іске асырылған. Олар ары қарай жұмысын атқарады.
– Біздің мақсатымыз – құрылтайшы болғаннан кейін іске аспай қалған, бір-екі жылдай тоқтап тұрған жобалардың статусын анықтап, өндірісті ұйымдастыратындай жобалар болмаса, тізімнен шығарып, басқа инвесторларды әкеліп, өндірістерді ұйымдастырамыз, – дейді әкім.
"Jibek Joly" арнайы экономикалық аймағы туралы ереже 2019 жылы қабылданған. Жамбыл облысы Шу ауданының аумағында орналасқан. АЭА аумағы 505 гектарды құрайды.