Орталық коммуникациялар алаңында баспасөз мәслхатын өткізген Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев өңірдегі жан-жақты салаға инвестиция қалай тартылып жатқанын айтып берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ИНВЕСТИЦИЯ: ЕҢ ІРІ ЖОБАЛАР
Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, 2028 жылға дейінгі инвестициялық портфель 6,5 мыңнан астам жұмыс орнын құруды көздейтін 80 жобадан тұрады. Құны – 3,3 трлн теңге. Жыл басынан 149,7 млрд теңгеге 21 жоба іске қосылып, 700 жұмыс орны құрылған. 370,5 млрд теңге инвестиция тартылған.
Әкім бұл бағытта ірі жобалардың қатарына «Qazaq Soda» (кальцилендірілген сода), Еврохим удобрения (минералды тыңайтқыштар), «Knauf Гипс» (гипсокартон), «Shagala Mining» (мыс өндірісі) жатқызады.
– Облыста жүзеге асырылып жатқан жобаларда инновациялық технологиялар қолданылуда. Мысалы, Шатыркөл байыту комбинатында мыс кенін байытудағы ең озық инновациялық технологиялар пайдалынылып жатыр. «Korcem» кәсіпорны Орта Азияда теңдесі жоқ қалдықсыз цемент өндіру технологиясын енгізді. «Qazaq Soda» жобасында қолдану жоспарланған технологиялар әлемдегі ең экологиялық таза және тиімді технологиялардың бірі саналады, – дейді әкім.
ЖЕЛ ГЕНЕРАТОРЫ КОМПОНЕНТТЕРІ
Қарашөкеев сонымен қатар, жасыл энергетика саласында «Total Eren», «Masdar» және «China Power» жалпы қуаты 2,5 ГВт жел электр станцияларының құрылысы бойынша жобаларды жүзеге асырып жатқанын атап өтті. «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағының аумағында жел генераторлары компоненттерін шығаратын «Sаny Renewable Energy» зауытының құрылысы басталған. Одан келетін жалпы инвестиция көлемі – 54 млрд теңге.
ҚҰРЫЛҒАН ДИРЕКЦИЯ
Биыл «Тараз» ӘӘК» базасында отандық және шетелдік инвесторлар үшін «бір терезе» қағидатымен қызмет көрсететін «Zhambyl Invest» дирекциясы құрылған. Дирекция инвестициялық жобаларды сүйемелдеумен айналысады, оның 8-ін біз жақын арада іске қосуды жоспарланып отыр. Облыста іске асырылатын бірқатар жобаның ішіне Қарашөкеев сонымен бірге мыналарды атап өтеді:
«ТАРАЗ» ИНДУСТРИЯЛЫҚ АЙМАҒЫ
Облыстағы «Тараз» индустриялық аймағының аумағында 1 300 жұмыс орны құрылатын 137 млрд теңгеге 15 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Облыс аудандарында «Меркі», «Құлан», «Сарысу-1» және «Сарысу-2» субаймақтарын 180 гектарға құру жұмыстары жүргізілуде. Бұл субаймақтарда әрбір аудан ерекшелігіне байланысты орта және шағын кәсіпорындар ұйымдастырылады. Мәселен, «Меркі» субаймағында (25 га) сауда-логистикалық хаб, жеміс-жидек өңдеу кешені, макарон өнімдері мен жиһаз өндірісі бойынша инвестициялық жобалар іске асса, «Құлан» субаймағында (94 га) сүт өнімдерін, макарон өнімдерін өндіретін цех ашылады. «Сарысу-1» (38 га) аумағында тазартылған тұз өндірісі, хлор-сілтілі зауыт, кальций хлоридін өңдеу зауыты, әк өндіру зауыты, шыны өндіру зауыты бой көтереді.
– «Тараз» индустриялық аймағы мен «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағы аумағында шағын орта бизнесті қолдау үшін өнеркәсіпті дамыту қорының қаражаты есебінен заманауи өндірістік жайлардың құрылысы басталды (ауданы 40 мың шаршы метр). Бүгінге, кәсіпкерлермен инженерлік инфрақұрылымы жүргізілген жайлардың 30%-ы (15 мың.ш.м) броньдалған. Өндірістік жайлар төмен бағамен (1200 теңге/м2) ұзақ мерзімді жалға беріледі. 2025 жылы негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 826,4 млрд. тенгені, тікелей шетел инвестициясы - 86 млн.АҚШ долларын құрап, 144,4 млрд. теңгеге 30 жобаны іске асыру жоспарлануда, – дейді Ербол Қарашөкеев.
АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНА ИНВЕСТИЦИЯ
Ауыл шаруашылығы саласына 24,6 млрд теңге субсидия бөлініп (20,8 млрд. теңге игерілді), 14,9 млрд теңге инвестиция тартылған. Әкімнің сөзінше, ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 425,4 млрд теңгені құраған. Оның 5,7%-ға төмендеу себебі 2023 жылғы өсімдік шаруашылығының өзектендірілген статистикалық деректер өзгертілмеуіне байланысты болып отыр. Ал ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқабы 626,7 мың га құраған.
– Өңірде қант қызылшасынан басқа барлық дақылдар бойынша егін жинау науқаны аяқталды. 3,6 млн. тонна өнім жиналды, оның ішінде 671,4 мың тонна дәнді масақ, 36,3 мың тонна майлы дақылдар, 1,2 млн. тонна көкөніс дақылдары, 172 мың тонна картоп. Қант қызылшасы бойынша егін алқабының 84%-ы жиналды. Бүгінге 600 мың тонна өнім алынып, орташа өнімділігі 650 ц/га құрады. Жиналған өнім Меркі және Ақсу зауыттарына өткізілуде. Қант қызылшасын субсидиялауға желгілікті бюджеттен 3,4 млрд теңге бөлініп, жыл соңына дейін республикалық бюджеттен 5 млрд. теңге көлемінде қаржыландыру күтілуде. Биыл алғаш рет ауылшаруашылығы техникасының лизингі бойынша Бағдарлама іске асырылып, 3,2 млрд.теңгеге жылдық 5%-бен 244 бірлік сатып алынды. Сонымен қатар, «Тараз» ӘКК арқылы жылдық 2,5%-бен 68 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы, 116 бірлік аспалы және тіркеме техникалары және 7 қызылша жинау комбайны сатып алынды.Нәтижесінде, ауылшаруашылығы техникасын жаңғырту деңгейі 8%-ды құрады, – дейді әкім.
Өңірде мал шаруашылығында ұсақ мал 3,8 млн басқа, ірі қара 0,5 млн басқа, жылқы 0,2 млн басқа, құс 1,8 млн басқа дейін өскен.
СҚО ТӘЖІРИБЕСІ
Солтүстік Қазақстан облысы тәжірибесін кеңейту аясында облыста 1913 басқа арналған 4 тауарлы-сүт фермаларының құрылысы аяқталады. Олар 2025 жылы іске қосылмақ. Бұл, сүт өндірісін жыл сайын 15 мың тоннадан астам немесе 6,5%-ға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Тағы 5 заманауи көкөніс қоймасының құрылысы жүргізілуде. Бұл қойма сыйымдылығын 10%-ға арттырып, маусымаралық кезеңде бағаны тұрақтандыруға ықпал етеді. Бұдан басқа, жалпы 8,5 млрд.теңгеге су үнемдеу технологиялары, тері мен жүнді өңдеу, алма шырынын, балалар пюресін, балық және үй жануарлары азығын, фри картобын өндіру бойынша жобаларды іске асыруды жоспарланған.