Жамбыл облысында той өткізу мәдениетін қалыптастыру мақсатында ауқымды іс-шаралар қолға алынады. Осы мақсатта зиялы қауым өкілдері мен асабалар халыққа үндеу жасады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бос даңғазалық пен ысырапшылдыққа жол бермеу мақсатында Ш. Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығынан әдет-ғұрып және салт-дәстүр бөлімі ашылады. Мұнда той тізгіндеп жүрген азаматтарға арналған танымдық семинарлар өтіп, лекциялар оқылады.
Сондай-ақ облыста Асабалар одағы құрылып, ережесі бекітіледі.
Іс-шаралар жоспарына сәйкес тойдың маңызы мен мағынасына баса мән беріледі, сонымен бірге шақырылатын қонақтарды жас ерекшеліктеріне қорай дұрыс топтастыру, той өткізу уақытын ретке келтіру көзделген.
Ең бастысы, той барысында ұлттың абыройы мен қадірін түсіретін көріністерге, орынсыз әзілдер мен тақырыптан тыс ән-билерге жол берілмейді. Бұдан бөлек, асаба мен өнерпаздарды дұрыс таңдау, думанды кештерді өткізу бағдарламасы мен жоспары жасақталады.
Қазір той тойлайтын емес, ой ойлайтын кезең!
Жамбыл облысында 90-ға жуық тойхана бар. Оңтүстікте бір тойға орта есеппен 300 адам қатысады десек, бір күнде 22 500 адам той төрінен табылады. Ал тойханадағы мәзір құнын адам басына 15 мың теңгеден есептегенде бір күнде 337 миллион теңге шығын шығады. Бұл дегеніміз үлкен аудитория, үлкен қаржы. Яғни, біз ретті-ретсіз тойларды тізгіндеу арқылы әдет-ғұрып, салт-санамызды және әлеуметтік-экономикалық ахуалымызды да бір арнаға тоғыстырар едік, — деді облыс әкімі.
Бұған дейін Жамбыл облысында қатерлі ісікті жасанды интеллект арқылы анықтау жүйесі енгізілетінін хабарлаған едік.