Қызылорданың Өнер орталығында Сыр өңіріндегі Корей этномәдени бірлестігінің 35 жылдығы аталып өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Салтанатты шараға Корея елінен келген делегация, республикалық академиялық корей музыкалық комедия театры, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, ардагерлері, белсенді мүшелері, қала тұрғындары мен БАҚ өкілдері қатысқан. Лэд экраннан өңірдегі корей орталығының құрылуы мен даму тарихы, екі ел арасындағы ынтымақтастық жайлы бейнеролик көрсетілген.
Облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов қоғамдағы татулық пен бейбітшілікті ту етіп ұстаған корейлер қауымдастығының ел бірлігі жолындағы атқарған жұмыстары айрықша екенін атап өтіп, 35 жылдық мерекесімен құттықтап, ҚХА Төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігінің ҚХА хатшылығының меңгерушісі Әзілханов Марат Алмасұлының және облыс әкімі, облыстық ҚХА төрағасы Нәлібаев Нұрлыбек Машбекұлының құттықтау хатын «Қазақстан корейлер қауымдастығы» Қызылорда облыстық қоғамдық бірлестігіне табыстады.
Оңтүстік Корея тарих және мәдениет орталығының президенті Пак Ёнтэк және Астанадағы Корея Республикасы Елшілігінің Корей мәдени орталығының директоры Ку Бон Чхоль бірлестікті атаулы датамен құттықтап, корей орталығы мен Корей музыкалық комедия театрына сертификаттар табыстады. Республикалық “Корё ильбо” газетінің бас редакторы Константин Ким қазақ еліне корей этностарының депортацияланған сәтінен бастап, олардың бірліктің арқасында жеткен тарихи белестеріне тоқталып өтті.
Қызылорда өңірінің дамуы мен өркендеуіне ерекше үлес қосқан корей этносының өкілдеріне Қазақстан Корейлер қауымдастығының 35 жылдық медалі және Алғыс хаты табысталды. Салтанатты шара республикалық мемлекеттік академиялық корей музыкалық комедия театрының мерекелік концертіне ұласты.
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ КӘРІСТЕР ТАРИХЫ
Кәрістер қазақ жеріне XIX ғасыр соңында қоныстандырыла бастады. Сталин мен балғалары қол қойған «Қиыр Шығыс облысының шекарасы аудандарынан Кәріс халқының көшіру туралы бұйрығымен 172 мың этникалық кәріс Орталық Азияға көшірілген. Бұйрықта оларды “Арал теңізі мен Балқаш көлінің және Өзбек КСР-і аудандарға Оңтүстік Қазақстан облысына қоныстандырылатыны” жазылған. Еріксіз көшіріліп әкелінгендердің (жалғыз кәрістер емес) жағдайы адам төзгісіз болғаны мәлім. Оларды әр елдімекенге бөліп-бөліп орналастырғанмен, барған жерлерінде қаражатты былай қойғанда үй-жай, мал-мүлік, азық қоры мүлде жоқтың қасы еді. Бүгінде өзінің отанына айналып отырған Қазақстанды көркейтуге кәрістер де басқа ұлт өкілдері секілді ат салысуда. Нарықтық экономика олардың еңбегінің жемісін көрсетуде. Еңбек етсе, қаржыға да, балаларының білім алуына да жол ашылатынын көріп, біліп отыр.