Алматыда «Мейірім мекені» үйі ашылды. Бұл – қаладағы көпбалалы аналар мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсету мақсатында іске асқан жоба. Соның нәтижесінде 50 отбасы 5 жыл бойына тегін пәтерде тұруға мүмкіндік алды, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
Ондағы коммуналдық шығын мен жалдамалы пәтер ақысын кәсіпкерлер өз мойындарына алған. Осылайша, әлеуметтік санаттағы жанұяларға жағдайын тұрақтап, болашақта өз баспаналарына ақша жинауға мүмкіндік туып отыр.
Барлығы 50 отбасыға арналған екі қабатты үйдің құрылысы 3 жыл жүрген. Әлеуметтік жоба толықтай кәсіпкерлердің қолдауымен жүзеге асқан. Олар тек үй салып берумен ғана шектелмей, алдағы уақытта азық-түлік пен киім-кешек тұрғысынан да көмектесетінін айтады.
Кәсіпкерлердің айтуынша, бұл үй толықтай тұрғындар меншігіне өткізілмейді. Алдағы 5 жылға келісімшартқа отырып, жоба әлеуметтік қолдау мақсатында жүзеге асады.