×
499.76
521.7
5.63
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
499.76
521.7
5.63

Оралхан Бөкей туған ауылдағы шу: полиция мал ұрлығы бойынша күдіктілерді ұстады

18.02.2025, 12:17
Оралхан Бөкей туған ауылдағы шу: полиция мал ұрлығы бойынша күдіктілерді ұстады
Ulysmedia коллажы

Қазақстанның ішкі істер министрі Ержан Саденов Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданы Шыңғыстай ауылы тұрғындарынан түскен арызға байланысты қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер қамауға алынғаны хабарлады, деп жазады Ulysmedia.kz.

МИНИСТР НЕ ДЕЙДІ

Министрдің депутаттарға берген жауабында биыл қаңтарда Шыңғыстай ауылы тұрғындарының арызы бойынша облыстық полиция департаменті басшылығы және арнайы жедел-тергеу тобы оқиға орнына барып тексеріс жүргізгені жазылған. Тұрғындардың арызы бойынша, қылмыстық кодекстің 188-1-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Сол істің шеңберінде мал ұрлығын жасады деген күдікпен осы ауданның екі тұрғыны ұсталған. Соттың санкциясымен олар қамауға алынған.

Одан басқа, тергеу барысында үш ауыл тұрғыны қоғамдық резонанс туғызу үшін өз ауылдасын (К.С. Кабдрасилов) заңсыз бас бостандығынан айырып, өміріне қауіп төндіріп, оны жер дауына байланысты келіспеушіліктері болған жергілікті кәсіпкердің малын ұрлауға қатысы туралы бейнеүндеу жазуға мәжбүрлегені анықталды. Аталған бейнежазба әлеуметтік желілерде кеңінен таралды Бұл факті бойынша да қылмыстық кодекстің 126-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдікті үш адам сот санкциясымен қамауға алынды, –  дейді министр жауабында.

Жақын арада ішкі істер министрлігі мен бас прокуратура қызметкерлерінен құрылған топ қосымша тексеруді ұйымдастыру үшін Катонқарағай ауданына барады.

ШЫҢҒЫСТАЙДАҒЫ ХАЛЫҚТЫҢ ШАҒЫМЫ

Катонқарағай ауданы Шыңғыстай ауылы тұрғындарының мәселесін жақында мәжілісте депутат Мақсат Толықбай көтерген еді. Оның айтуынша, жылдар бойы малы ұрланған халық әбден зәрезап болып, полициядан опа болмай, президенттен көмек сұрауға мәжбұр болған. Депутат халықтың қойлары қоралап, ірі-қаралары табындап, жылқылары үйір-үйірімен жоғалып жатыр, жұртшылық полициядан әбден күдер үзген деп мәлімдеген. “Осы күнге дейін қаншама малы қолды болып, ұрланса да, полиция бірде-бір «тышқақ лақтың» сайдан санын, құмнан ізін таппаған” деген депутат ұры мен полиция ауыз жаласып, ымыралысып, ынтымақта жұмыс істейтін шығар деп болжаған.

 Осылай деген депутат ішкі істер министрі Ержан Саденовке депутаттық сауал жолдап, Қатонқарағай ауданында арнайы рейд жүргізіп, мал ұрлығының алдын-алу мен ұрыларды ұстау бойынша кешенді шараларды қолға алуды сұраған.