Бұл сұрақты бүгін сенат кулуарында Ulysmedia.kz тілшісі сыртқы істер министрлігінің инвестиция комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов айтты.
ЖҰМЫС БАСТАЛЫП КЕТТІ
Германияның Svevind Energy Group деген компаниясы 50 млрд еуро инвестиция құйып, Маңғыстау облысында жасыл сутегіні, баламалы қуат көздерін дамытқысы келетіні турасында жазылған. Бұл енді Каспий теңізінің келешегіне балта шаппай ма? Жалпы осы жобаның экологиялық салдары бар ма? Ол зерттелді ме? – деп сұралды СІМ өкілінен.
Ғабидолла Оспанқұловтың айтуынша, неміс компаниясының Қазақстанға келу себебі – жаңа энергияның көздерін Қазақстанда өндіру. Бұл жобаның бастапқы кезеңдерінде келісім барлық уәкілетті органдардан алынған.
Соның ішінде экологиялық мәселе де қаралып, тексерілді және оң қорытындысы берілді. Ол жерде судың деңгейіне кері әсер ететіндей ешқандай кедергі жоқ. Сондай қорытынды берілді. Одан шығарылатын энергия түрі – жасыл сутегі деп аталады. Дүние жүзі қазір эасыл энергетикаға көшуіне байланысты оған сұраныс өте жоғары болады. Бұл ірі инвестициялық жоба 50 млрд-тық болады. Бастапқы кезеңінде заңды тұлға құрылып, тіркеуден өтті. Бүгінгі таңда сарапшыларын жұмысқа қабылдау процесі аяқталды. Сол аймақтың жері бөлінді. Сол жерде зерттеу жұмыстары басталып жатыр. Құрылыс жұмыстары жақын арада басталып, ары қарай жүзеге асатын ірі инвестициялық жоба басталып кетті, – дейді ол.
“ЖАСЫЛ” СУТЕГІ ЖОБАСЫ
Еске сала кетейік, былтыр Маңғыстау облысы Қарақия ауданындағы «жасыл» сутегі өндіретін зауыттың құрылысы аясында Германияның федералды президенті Франк-Вальтер Штайнмайер мен Қазақстанның премьер-министрі Әлихан Смайыловтың қатысуымен бұрғылау жұмыстарын іске қосу рәсімі өткен еді. Жобаны танымал Svevind неміс компаниясы Еуропалық кеңес Президенті Шарль Мишельдің 2023 жылдың қазан айында Қазақстанға сапары кезінде қол қойылған инвестициялар туралы келісім аясында жүзеге асырып жатыр. Жоба бойынша Маңғыстауда жалпы қуаты 40 ГВт болатын күн және жел станцияларын салу жоспарланып отыр. Бұл жылына 2 млн тоннаға дейін «жасыл» сутегі немесе 11 млн тонна «жасыл» аммиак өндіруге мүмкіндік береді.
Svevind компаниясының басшысы Вольфганг Кропптың айтуынша, әлемде «жасыл» сутегін өндіру бойынша мұндай ауқымда бірде-бір жоба әлі жүзеге асырылмаған.