Жергілікті билік өкілдерінің мәліметінше, көлік сатып алуға бөлінген былтыр бөлінген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ӘКІМДІК НЕ ДЕЙДІ
Әкімдік бұл шаруа бюджет жоспарына және автопаркті жаңарту қажеттілігіне сәйкес жүргізілетінін мәлімдеді, деп жазады YK-news.kz. Ондағы мәліметке сүйенсек, көлік құралдарына қажетті қаражат былтыр бекітілген. Сонымен қатар, кейбір жағдайларда әкімдік бұл сатып алуларды "көлікпен қамтамасыз етуді талап ететін жаңа аудандардың құрылуымен" байланыстырады.
Мәселен, Өскемен қаласында әкімдік үшін екі автокөлік сатып алынады, себебі қолданыстағы техника тозған. Күршім ауданында жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі қызметтік көлігін жаңартады, өйткені бұрынғы көлік істен шыққан. Жаңадан құрылған Марқакөл ауданына 7 автокөлікке қаржы бөлінді, ал Катонқарағай ауданында мемлекеттік архив үшін көлік сатып алуға қаражат қарастырылған, – делінген облыстық әкімдік хабарламасында.
КӨРПЕГЕ ҚАРАП КӨСІЛУ МЕ
Бюджетте тапшылық туындап, президент қазына қаржысын үнемдеуді ескертіп жатқанда Шығыс Қазақстанда әкімдіктер 160 млн теңгеге көліктерді сатып алғалы жатқанын Ulysmedia.kz бұған дейін жазған еді. Мемлекеттік сатып алулар порталындағы мәліметке сүйенсек, Өскемен қаласы әкімінің аппараты отандық компаниядан 13 млн теңгеге жаңа көлік сатып алған. Дәл сол компанияға Өскемен қалалық білім бөлімі де тапсырыс беріп, 8 млн теңгенің мәшінін алдыртқан. Сонымен қатар Күршім аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі 16 млн теңгеге, Алтай ауданының Средигорное ауылдық округі әкімінің аппараты 8 млн теңгеге, Алтай ауданының Зубовка кенті әкімінің аппараты 7,5 млн теңгеге, Марқакөл аудандық экономика және қаржы бөлімі 17 млн теңгеге, осы ауданның сәулет, қалақұрылысы және құрылыс бөлімі 17 млн теңгеге көлік сатып алған.