Алматы облысында 16 мың гектардан астам пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы жері мемлекеттік меншікке қайтарылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ПАЙДАЛАНЫЛМАЙ ЖАТҚАН ЖЕРЛЕР
Басқарма деректеріне сәйкес, биыл жыл басынан бері нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмаған жалпы көлемі 50 083 гектар 446 жер учаскесі анықталды. Оның ішінде аудан және қала әкімдіктері тарапынан 36 923,64 гектарды қамтитын 358 жер учаскесі тіркелді. Бұл жерлер бойынша материалдар жер ресурстарын басқару департаментіне жолданып, салықтық жүктемені 20 есеге арттыру және жерді қайтару шаралары қабылдануда.
Қазіргі таңда 8 214 гектар 71 жер учаскесі бойынша материалдар жер ресурстарын басқару департаментіне жолданып, жұмысқа қабылданған. Сонымен қатар, 23 747 гектар аумақтағы 37 жер учаскесі бойынша талап-арыздар сот қарауында, ал жалпы көлемі 1 926,73 гектар болатын учаскелер бойынша сот шешімі шығып, мемлекет меншігіне қайтарылды.
ЕРІКТІ ТҮРДЕ ЖЕРДІ ҚАЙТАРҒАНДАР
Жыл басынан бері ерікті түрде мемлекет меншігіне 5 505,63 гектар жер қайтарылды. Ең көп қайтарылған аумақтар Жамбыл (2 720,9 га), Балқаш (1 009,62 га) және Райымбек (681,8 га) аудандарына тиесілі. Жалпы алғанда, 2025 жылдың басынан бері мемлекет меншігіне қайтарылған жер көлемі 16 967 гектар болды.