Шымкентте мұғалімді бопсалаған блогер ұсталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Қаладағы мектептердің бірінің өкілінің арызы бойынша полиция департаментінің қызметкерлерімен ірі көлемде ақша бопсалаған күдікті С. ұсталды.
АҚША ТАЛАП ЕТКЕН
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, күдікті өзінің медиа танымалдылығын пайдаланып, жағымсыз ақпаратты жариялаймын деп қорқытып, 1,2 миллион теңге талап еткен.
ТЕРГЕУ
Бұл жайт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қажетті тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
ЕСКЕРТУ
Полиция қандай да бір қысым көрсету, қорқыту және бопсалау әрекеттері қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертті. Азаматтар мұндай жағдайда бірден құқық қорғау органдарына жүгіну қажет.
ТАРАЗДАҒЫ ЖАҒДАЙ
Еске салайық, 9 сәуірде Таразда «Болашақ плюс KZ» қоғамдық бірлестігінің өкілі Абай Жүндібаев ұсталған болатын. Облыстық полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасына спорт кешені директорын қорқыту және 2,5 млн теңге бопсалау туралы жедел ақпарат келіп түскен.
АЛМАТЫЛЫҚ БЛОГЕРЛЕР
Сонымен қатар, 23 қаңтарда Алматыда «ақша бопсалады» деген айыппен екі блогер ұсталған болатын. Полиция қызметкерлері жәбірленушінің арызы бойынша кәсіпкер мен екі блогерді ұстағаны жөнінде ақпарат таратты.