×
521.53
601.01
6.43
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
521.53
601.01
6.43

«Суық үйде балалар қайта-қайта ауырып қалады»: Макинскте көпбалалы отбасы 1961 жылғы үйде тұрып жатыр

Бүгін, 11:14
«Суық үйде балалар қайта-қайта ауырып қалады»: Макинскте көпбалалы отбасы 1961 жылғы үйде тұрып жатыр
Ұлысмедиа коллажы

Ulysmedia.kz редакциясына Ақмола облысы Бұланды ауданы Макинск қаласынан Майра Қуанар есімді көпбалалы ана хабарласты. Айтуынша, 2007 жылдан оның отбасы 1961 жылы салынған ескі үйде тұрып келе жатыр. Аудан әкімдігіне бірнеше рет хат жазып, көмек сұрағанымен, осы күнге дейін олардың баспана мәселесі шешілмеген. Суық үйде балалары кезек-кезек ауырып, қыстан әрең шыққан отбасы не істерін білмей дағдарып отыр.

“СЕНДЕРДІҢ АТТАРЫҢДА ҮЙ БАР” ДЕЙДІ

Майра Қуанар жұбайы Сөксебек Жырымбай екеуі жеті баланы тәрбиелеп отыр. Мемлекеттен алатын жәрдемақы отбасының мұқтаждығын толық жаба алмайды. Баланың алды мектепте. Үйдің отағасы ғана жұмыс істейтіндіктен, отбасына тірлік қамыты әбден батып кеткен. Оның үстіне Сөксебек Жырымбай биыл мамырда тағы жұмыссыз қалатын түрі бар. Ең қиыны – баспана мәселесінің шешілмей тұрғаны.  

Қазір үй тұруға жарамсыз деп танылған. Жөндеу жұмыстарын өз шамамызға қарай жүргізгенімізбен, қыста үй суық. Қабырғалар көгерген. Балалардың мазасы әбден кетіп, қыста жиі ауыратын болды. Жеті баламыздың бәрі де кәмелетке толмаған. Бізді 2024 жылы ғана үй кезегіне тіркеді. Оған дейін кезекке тұруға бірнеше мәрте талпынғанымызбен, «сендердің аттарыңда үй бар» деп кезекке тұрғызудан бас тартты, - дейді Майра Қуанар.

60 жыл бұрын салынған үй шынында да әбден тозған. Ішкі қабырғасы көгеріп, сыртқысы үгітіліп жатыр.

Майра мен Сөксебек аудан әкімдігіне бірнеше рет хат жазғанымен, ол жақ «тәуелсіз сараптама жүргізу үшін мамандандырылған ұйымдарға жүгініп, олардан техникалық қорытынды алып, содан кейін ғана кезекке тұруға» кеңес берген. Бірақ оның бәрі шығын. Сарапшы 2024 жылы ғана келіп, сараптама жасаған.

2019 жылы кезектен бір рет «аттарыңда үй бар» деп алып тастапты. 2024 жылы кезекке тұрдым да, әкімдікке 15 күннен кейін қайта бардым. Барсам, құжаттарымымызды тіркеуге тағы алмаған. Неге десем, «қабылдаған кісі демалысқа шығып кетті» дейді. «Бұл қалай?» деп шу көтеріп едім, құжатты өткізген кісінің кабинетінен алып шықты. Содан кейін ғана кезекке әрең қойды, - дейді Майра.

Майраның айтуынша, қазір отбасы үй кезегінде 29-шы болып тұр. Бірақ үйде енді биыл қыстап шығудың өзі уайымға айналған. Осыны ойлап Майра Макинск қаласы әкіміне кіргенде оның «биыл мамырда үй салына бастайды, кілтін келесі жылы табыстаймыз» деген уәдесін алып кеткен. Бірақ құлағалы тұрған үйде қыстап шығудың өзі қиынға соққалы тұр.

ӘКІМДІК НЕ ДЕЙДІ

Ulysmedia.kz редакциясы Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановқа осы мәселе жөнінде ресми сауал жолдаған. Жауап облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасынан келді. Ведомствоның хабарлауынша, заңға сәйкес коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйлер тұрғын үйге мұқтаж және Қазақстанда есепте тұрған азаматтарға беріледі. Ол қатарда Ұлы Отан соғысының ардагерлері, жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көп балалы аналарға, көп балалы отбасылар бар. Оның үстіне көпбалалы отбасы санаттағы отбасылардың жиынтық орташа айлық табысы соңғы он екі айда республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшерінен төмен болуға тиіс.

Бұл қатарда сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілер, бюджет ұйымдарының қызметкерлері, әскери қызметшілер, ғарышкерлікке кандидаттар, ғарышкерлер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, жалғыз тұрғынжайы заңнамада белгіленген тәртіппен апатты деп танылған Қазақстан азаматтарына беріледі. Бірақ үйге зәру отбасының атында баспана болмауы керек.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде, М. Қуанар отбасының меншік құқығында тұрғын үйі болуына байланысты, ол «көпбалалы отбасы» санаты бойынша тұрғын үйге мұқтаждардың есебіне тұра алмайды. Сонымен қатар, М.Қуанар отбасының "жалғыз тұрғын үйі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен апатты деп танылған Қазақстан Республикасының азаматтары" санаты бойынша есепке тұруға құқығы бар екенін хабарлаймыз», - делінген жауапта.

Басқарма басшысының орынбасары Шайсұлтанов Майра Қуанарға тұрғын үйінің құрылымдық элементтерінің техникалық сенімділік дәрежесін анықтау үшін аккредиттелген ұйымға жүгінуге кеңес береді. Оны аттестатталған сарапшы жүргізеді. Үй апатты деп танылған жағдайда, дәлелдейтін құжаттарды жинап, (ол ақпараттық сервистер платформасы арқылы өтініш беруге құқылы (www.kezekte.kz).

Әкімдіктің хабарлауынша, қазір Ақмола облысында тұрғын үй алуға кезекте 23020 адам тұр, оның 2746-сы "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған көп балалы аналар, көп балалы отбасылар санатына жатады. Бұланды ауданында тұрғын үйге мұқтаж адамдардың есебінде барлығы 846 адам және олардың 100-і көпбалалы отбасы бар.

Ulysmedia.kz редакциясына жолдаған жауабында Макинск қаласы әкімдігі үй кезегіне тұру үшін отбасы Kezekte.kz  порталына (апатты деп танылған тұрғын үй санаты бойынша) өтініш бере алатынын атап өтеді. «Тұрғын үй кезегіне қою үшін сіз тұрғын үйді апатты деп тануыңыз керек. Барлық туындаған сұрақтар бойынша «Бұланды  ауданының ТҮКШ, жолаушылар көлігі, автомобиль  жолдары және тұрғын –үй инспекциясы бөліміне жүгінуіңізге болады» деп жауап береді. Сонда әкімдік әлі күнге дейін 1961 жылы салынған үйде жеті баласымен тұрып жатқан Майра Қуанар мен Сөксебек Жырымбайдың отбасын үй кезегіне тіркемеген бе деген сұрақ туындайды.

Серіктес жаңалықтары