Әкімдіктер көп құжатты талап ететіндіктен, шаруалар мемлекеттен бөлінетін қаражатты ала алмай отыр. Бұл туралы үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
131 МЛРД ТЕҢГЕ БӨЛІНГЕН
Министрдің сөзінше, шаруаларды жеңілдікпен қаржыландыруға 8 әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация қатысып жатыр. (Ақмола, Ақтөбе, Алматы, БҚО, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, СҚО). Оларға фермерлерді қаржыландыру үшін 131,1 млрд теңге бөлінген.
Олардың ішінде Ақмола, Қостанай және СҚО жеңілдетілген қаражатты игеру бойынша жақсы көрсеткіштер көрсетуде. Ал Жамбыл және Қарағанды облыстарында СПК арқылы қаржыландыру мәселесін шешу қажеттігін атап өтемін. Бұл жерде СПК арқылы өңірлерде арзандатылған қаржыны игеру жұмыстары қарыз алушылардан көптеген құжаттар сұрату кесірінен шектеліп жатқандығын атап өткім келеді. Бұл тізім 20 құжатқа, ал кейбір өңірде - 30 құжатқа дейін жетеді (СҚО, БҚО, Ақтөбе). Тағы да облыс әкімдіктерінен осы мәселеге назар аударуды сұраймын, – дейді Сапаров.
ЛИЗИҢ, ЖЕҢІЛ НЕСИЕ
Шаруалардың жеңілдетілген несиеге қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында қарыз сомасының 85% мөлшерінде кепілдік беру бағдарламасы жалғасып жатыр. Қазір жалпы сомасы 135,2 млрд теңгеге 943 кепілдік берілген. Несиелердің жалпы сомасы 159 млрд теңге құрайды.
Жылдық 5% сыйақы мөлшерлемесі бойынша 200 млрд теңге сомасына жеңілдетілген лизиң бағдарламасы отандық өндірістің 6 мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға мүмкіндік береді. Бүгінгі күні 120 млрд теңгеге 3,2 мың өтінім түсті. Қалған қаражат егін жинау техникасын алуға жұмсалмақ.