Түркістан облысында полицейдің жесірі әділдікке тек сот арқылы қол жеткізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Otyrar.kz мәліметінше, марқұм ер адам Түркістан облысы Жетісай аудандық полиция басқармасы ұйымдастырған спорттық шара кезінде аяқасты көз жұмған. Алайда облыстық полиция департаменті оның қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқанын мойындамай, өтемақы төлеуден бас тартқан.
СОТ БАРЫСЫ
Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, жесір әйел талап арызында жұбайының қызметтік міндетін орындау барысында көз жұмғанын көрсетіп, біржолғы өтемақы, моральдық зиян өтемі және комиссия шешімдерін жоюды талап еткен. Ал жауапкер тарап ҚР «Құқық қорғау қызметі туралы» заңының 66-бабын алға тартып, талапты қанағаттандырмауды сұраған.
Алайда сотта жағдай нақты бағаланды. Судья егер қызметкер міндетін атқару кезінде көз жұмса, оның туыстарына 60 айлық жалақы көлемінде біржолғы өтемақы төленуге тиіс деп түсіндірді. Қаза тапқан қызметкер инспектор болып жұмыс істеген, жалақысы шамамен 247 мың теңге, еңбек өтілі – 7 жыл.
СОТ ШЕШІМІ
Полицейдің қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқаны анықталды. Түркістан облысы полиция департаментінен жесірге 14 миллион теңгеден астам өтемақы өндірілді. Сот шешімі заңды күшіне енді.