×
512.66
580.59
6.45
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
512.66
580.59
6.45

Техника жарамсыз, ақша жоқ: Қызылорда облысы шегірткеден "жеңілді"

27.05.2025, 13:08
Техника жарамсыз, ақша жоқ: Қызылорда облысы шегірткеден "жеңілді"
Фото: Ulysmedia.kz

Әзірге жағдайдың ушығып, шаруалар малды жем-шөпсіз қалдырып, өткен жылдардағыдай амалсыздан союға мәжбүр боламыз ба деп алаңдап отыр. Тұрғындар уайымға салынып, зиянкеспен күресуге қауқарсыз. Ulysmedia.kz тілшісі жағдайды зерттеп көрді.

БИЫЛҒЫ ЖАҒДАЙ ЖЫЛДАҒЫДАН ҚИЫН

Қызылорда облысында шегірткенің жаппай қаптауы байқалуда. Әсіресе Арал ауданына қарасты Қарақұм және Абай ауылдарында зиянкестер өте көп.

Аралдық шаруалардың айтуынша, шегірткемен олар жыл сайын күресуге мәжбүр. Алайда биылғы жағдай тым қиын.

– Соңғы бір аптада шегіртке қаптап кетті, бұрын-соңды мұндай болмаған. Аз ғана уақыттың ішінде жайылымды түгел жеп тастады. Енді малымызды қайда жаямыз? Шегірткеге қарсы өңдеу жұмыстары күткен нәтиже бермей жатыр. Енді қайтпекпіз – білмейміз, – дейді фермер Файзолла Қайруллаев.

Шаруалардың айтуынша, шегірткемен жеке күресу мүмкін емес – дезинфекцияға кететін қаражат тым қымбат. Ауданға әкімдік өз мердігерін жібергенімен, оның техникасы шөл далада қозғалуға жарамсыз болып шыққан. Ал қатты жел салдарынан дельтаплан ұшыру мүмкін емес.

Фермерлердің пікірінше, егер зиянкестің көбеюіне жол бермей, әкімдік уақтылы шара қолданғанда, мұндай жағдай болмас еді.

– Билік тағы да алдын алу шараларын елемеді. Қазір химиялық өңдеу жүргізіліп жатыр, бірақ нақты нәтиже көріп отырған жоқпыз. Мердігер мекеме бес арнайы техникамен келді, бірақ соның тек екеуі ғана жұмыс істеп тұр. Бұл жағдай жыл сайын қайталанып келеді, – дейді фермер Абзал Асанбаев.

ӘКІМДІК НЕ ДЕЙДІ

Қызылорда облысының аумақтық инспекциясы болса, шегірткеге қарсы жер өңдеу жұмыстары бекітілген кесте бойынша жүргізіліп жатқанын алға тартады. Зиянкеспен күресу үшін арнайы жұмыс топтары құрылған. Жалпы облыс бойынша 60 мың гектардан астам жерге химиялық өңдеу жүргізу жоспарланған. Оның 24 мың гектары — итальяндық прусқа, 35 мың гектардан астамы — азиялық шегірткеге қарсы өңделеді.

– Арал ауданында шегірткеге қарсы өңдеу 13 мамырдан басталды. Облыс бойынша төрт техника бөлінді, қазір тұрғындардың өзінен техника жалдап жатырмыз. Жел күшейіп тұрғандықтан дельтаплан ұшыру мүмкін болмай тұр. Қазір жағдай инспекцияның жеке бақылауында, – деп жауап берді ведомство өкілдері. 

Алайда шаруалар уақтылы әрекет етілмесе, шенеуніктер «бақылаймыз», «бөлеміз» деп жүргенде, жайылымдағы шөптің бәрін шегіртке жалмап бітеді деп қауіптенеді. Бірнеше жыл бұрын олар қуаңшылық салдарынан негізгі мал басынан айырылған. Ауыл халқы сол жағдайдың тағы да қайталана ма деп қорқады.

Серіктес жаңалықтары