Түркістан облысында 24 баланың тамақтан уланып қалғаны белгілі болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Оқиға Сайрам ауданындағы «Нарымбет ата» балабақшасында болған. Улану салдарынан барлығы 26 адам зардап шеккен — олардың 24-і бала, екеуі балабақша қызметкері.
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, жоспардан тыс тексеріс кезінде санитарлық талаптардың өрескел бұзылғаны анықталған. Kazinform.kz мәліметінше, тамақ өнімдерінен және қызметкерлердің қолынан алынған талдаулар патогенді микрофлораның барын көрсеткен.
— Барлық зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсетілді, кейін үйлеріне жіберілді. Уланудың себебі — тағам дайындау технологиясының бұзылуы, азық-түлікті дұрыс сақтамау және қызметкерлердің жеке гигиена талаптарын сақтамауы, — деп хабарлады департамент.
Қазіргі уақытта оқиға бойынша тергеу жұмыстары жүргізілуде.