×
510.19
582.79
6.46
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
510.19
582.79
6.46

Қызылордада балабақша қызметкері екі жасар баланы қайнаған сумен күйдіріп жіберген

04.06.2025, 14:01
Қызылордада балабақша қызметкері екі жасар баланы қайнаған сумен күйдіріп жіберген
Uysmedia.kz коллажы

Қызылорда қаласындағы жекеменшік балабақшалардың бірінде тәрбиешінің көмекшісі екі жасар баланы қайнаған сумен күйдіріп жіберген. Қазір бүлдіршін ауруханада, дәрігерлер оның жағдайын аса ауыр деп бағалап отыр. Оқиғаға байланысты құқық қорғау органдары тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Оқыс оқиға Қызылорда қаласындағы “Сыр болашағы” жекеменшік балабақшасында болған. Зардап шеккен бала бірден облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізіліп, жансақтау бөліміне жатқызылған. Бүлдіршіннің анасы балабақша қызметкерлерін кінәлап, олар заң аясында жауапқа тартылуы керек деп есептейді.

– Қызым Еркежан Шардарбек небәрі екі жаста. Қатты шошынып қалды. Балабақша қызметкерлерінің салғырттығынан ауыр күйік алды. Жаралары өте баяу жазылып жатыр. Мекеме басшылығы кешірім сұрап, тәрбиеші мен оның көмекшісін жұмыстан шығарды. Алайда мен тиісті органдардан балабақшада тексеріс жүргізіп, оның иелерін жауапқа тартуды талап етемін. Қызымды жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырды, бірақ жағдайы әлі ауыр. Балаңның қиналып жатқанын көру – жанға қатты батады, – дейді бүлдіршіннің анасы.

"КІНӘМІЗДІ МОЙЫНДАЙМЫЗ"

“Сыр болашағы” жекеменшік балабақшасы қаланың орталығында орналасқан. 75 балаға арналған бұл мекеме 10 жылға жуық жұмыс істеп келеді, мемлекеттік дотация алады. 

– Біздің балабақшаның беделі жақсы. Бұл оқиға абайсыздықтан болды. Бала кірлеп қалып, қызметкер оны жуындырмақ болған. Сол сәтте бүлдіршін абайсызда ыстық судың кранын ашып жіберген. Тәрбиеші мен көмекшісі жұмыстан босатылды. Біз ата-анамен күн сайын байланыстамыз, қажетті көмектің бәрін көрсетіп жатырмыз. Кінәмізді мойындаймыз, кешірім сұраймыз, – деді балабақша құрылтайшысы Ағжан Абдуллаева.

ДӘРІГЕРЛЕР НЕ ДЕЙДІ

Қазір бүлдіршін дәрігерлердің бақылауында, ол палатаға ауыстырылған. Дәрігерлердің айтуынша, қыз бала денесінің 20–25 пайызын күйік шалған. Жарақаттар аяқ-қолында, жыныс мүшелерінде, арқасы мен ішкі бөлігінде бар. Бала біртіндеп есін жинап келеді.

– Қажетті медициналық көмек көрсетілді. Алайда жағдайы ауыр, жаралардың жазылуы үшін уақыт қажет, – деді аурухана мамандары.

Оқиғаға қатысты құқық қорғау органдары тергеу жүргізіп жатыр. Тергеу нәтижесіне сәйкес, балабақша қызметкерлері мен құрылтайшыларының жауапкершілігі қаралатын болады.

Серіктес жаңалықтары