Шымкенттегі психиатриялық ауруханадағы екі науқас қызды зорлаған екі қызметкерге сот үкімі шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
СОТ
Қылмыстық іс Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Екі сотталушыға қатысты іс қызметтік міндеттерін орындау кезінде кәмелетке толмаған адамды зорлау дерегі бойынша жабық сот отырысында қаралды.
СОТТА НЕ АНЫҚТАЛДЫ
Сотталушылар Түркістан облыстық «Психикалық денсаулық орталығының» №3 әйелдер бөлімшесінде санитар-бақылаушы ретінде қызметтік міндеттерін атқару барысында екі науқасты зорлаған. Оқиға 2024 жылы шілде айының ортасында болған. Тергеу кезінде оқиға нақты қай күні болғаны анықталмаған. Сағат 00:00 шамасында, орталықта емделіп жатқан науқастар Б. және сол кезде кәмелетке толмаған өзінің іс-әрекетіне жауап бере алмайтын Қ.-ны бөлімшенің теледидар көретін бөлмесінде және аулаға шығатын баспалдақтың алаңшасында дәрменсіз күйін пайдаланып еркінен тыс бірнеше рет зорлаған.
ТАРАПТАР НЕ ДЕЙДІ
Прокурор сотталушылардың әрқайсысын 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады.
Жәбірленушілер мен олардың өкілдері және адвокаттары қатаң жаза тағайындауды сұрады. Ал, сотталушылар қылмыстық әрекеттер дәлелденбеуіне байланысты өздерін ақтауды сұрады.
СОТ ШЕШІМІ
Сот, сотталушылардың қылмыстық жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайлар ретінде сотталушылардың асырауында жасөспірім балаларының болуын (Дар. – 2 бала, Дуй. – 6 бала) ескерді. Іс бойынша олардың жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.
Сот сотталушыларды кінәлі деп танып, оларды осы баппен педагогикалық және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, әрқайсысына 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Жәбірленушілер Б. мен Қ.-ның пайдасына әрқайсысына 10 миллион теңгеден моральдық зиян өндірілді. Сонымен қатар, жәбірленуші Б.-ның пайдасына адвокат қызметіне төленген 600 мың теңге өндірілді.
Үкім заңды күшіне енбеген.