Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында ер адамға қатысты қылмыстық іс қаралды. Ол бұрынғы әйелін өлтірді деп айыпталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
“Мой город” порталының мәліметінше, қанды қылмыс 2025 жылғы 27 наурызда Құлсары қаласында болған. Айыпталушы бұрынғы әйеліне пышақпен шабуыл жасаған. Қайғылы оқиға болған сәтте әйел қалалық емханада заңгер болып жұмыс істеген.
INSTAGRAM-ДАҒЫ ДАУ
Іс материалдарына сәйкес, сол күні әйел Instagram әлеуметтік желісінде бұрынғы күйеуімен хат алмасқан. Біраз уақыттан кейін олар сөзге келіспей қалған. Сол сәтте айыпталушы ашуға мініп, болмашы себепті сылтауратып, бұрынғы әйелін өлтіруге бел буған. Ол қалтасына жиналмалы пышақ салып, зардап шеккен әйелдің жұмыс орнына келген және оның қызметтік кабинетіне кірген.
– Кабинетте бұрынғы әйелімен қатар оның әріптесі болғанына қарамастан, айыпталушы бірден әйелге жақындап, қолымен басынан ұрған. Жанындағы әріптесі араша түскенде, айыпталушы қоғамдық орында қалтасынан жиналмалы пышақты шығарып алған. Сол сәтте әйелдің әріптесі өз өміріне қауіп төнген соң, көмекке шақыру үшін сыртқа жүгіріп шыққан. Осы кезде ер адам жәбірленушінің мойнының сол жақ жоғары тұсына бір рет және сол жақ кеуде тұсына бір рет пышақ сұғып, оқиға орнынан қашып кеткен, – делінген сот үкімінде.
Зардап шеккен әйел алған жарақатынан есін жимастан сол жерде қаза тапқан. Күйеуінің кінәсі жәбірленушілер мен куәгерлердің айтқандарымен, сараптама қорытындыларымен, оқиға орнын қарау хаттамасымен және заттай дәлелдемелермен толық дәлелденді.
СОТ ҮКІМІ
Айыпталушы өз кінәсін тек жартылай мойындаған. Сот оны кінәлі деп танып, 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ ол жәбірленуші тарапқа моральдық зиян ретінде 15 миллион теңге төлеуге міндеттелді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.