Ulysmedia.kz редакциясы бастаған "Ауылға жол" жобасы Ақтөбе облысындағы Майқұдық ауылына барып, жергілікті тұрғындардың өзекті мәселесін тыңдады. Ауыл халқы көктемде тау суындай тасып келетін судың босқа ағып, шекара асып Ресейге кететініне қапалы. Ал жазда… малға ішетін бір шелек су таппай сандалатын күндер көп.
Тұрғындардың айтуынша, ауыл маңында кезінде үш бірдей бөгет болған. Кеңес өкіметі тұсында салынған бұл су қоймалары бүгінде жарамсыз күйге түскен. Соның салдарынан көктемгі мол су тоқтаусыз ағып, елдің қажетіне жарамай қалып отыр.
– Бізге бөгет керек. Қалпына келтіріп берсе, су жиналар еді. Балалар да шомылар еді, олар жүзе алмайды. Бұрын әр ауылда бөгет болатын. Қазір үш бөгет бар, бірақ ешқайсысы істемейді, – дейді тұрғындардың бірі.
Ауыл жұрты қарап жатпаған. Олар өз күштерімен 650 мың теңге жинап, қолдан бөгет салған. Алайда көктемгі тасқын су бір сәтте шайып кеткен.
Сол себепті Майқұдық тұрғындары бұл мәселеге Үкіметтің назар аударуын сұрайды.
Егер сіздің ауылыңызда да маңызды мәселе болса, бізге жазыңыз: +7 705 729 97 00