×
526.5
611.64
6.72
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
526.5
611.64
6.72

"Атқа байлап сүйрегендей": Жетісуда әкімдікке кандидат әйелін қызының көзінше өлтірген деп айыпталды

Бүгін, 13:28
"Атқа байлап сүйрегендей": Жетісуда әкімдікке кандидат әйелін қызының көзінше өлтірген деп айыпталды
Ulysmedia.kz коллажы

Жетісу облысы, Ақсу ауданына қарасты Баласаз ауылында жантүршігерлік қылмыс болды. Туыстарының айтуынша, 32 жастағы Айзат Жұманова екі жасар қызының көз алдында аяусыз өлтірілген. Бұл қылмысқа күдікті ретінде оның күйеуі – Айбар Жанболат танылып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТУЫСТАРЫ НЕ ДЕЙДІ

Журналист Сандуғаш Дүйсенованың сөзінше, туыстары алдымен ерлі-зайыптылар арасында жанжал шыққанын айтқан. Одан кейін бірнеше сағатқа созылған жантүршігерлік қорлық болған. Айзатты айуандықпен соққыға жыққан.

Медициналық қорытынды азаптау әдістерінің тізіміндей көрінеді: жабық бассүйек-ми жарақаты, миы соғылып мен ісінген, бас сүйегінің сынуы, аяқ-қол мен жамбасындағы көптеген сүйегі сынған.

Айзаттың туыстары оны қолынан арқанмен аттың еріне байлап, далада сүйреп жүрді деп есептейді.

– Бұл бір ескі жазалау салттарындай болды. Байлап тастап, сүйрей берген. Ақырында үгіліп қалған денесі ғана қалды… – дейді марқұмның анасы Салтанат Жұманова көз жасын тыя алмай.

Айзаттың күйеуі – шаруа қожалығын жүргізетін адам, ірі жылқы шаруашылығы бар. Жарақаттарының сипаты – тізе терісінің жыртылуы, саусақтардың шығып кетуі мен сынуы, сіңірдің үзілуі, терінің сыпырылып, қанға боялуы – мұның жай ғана соққы емес, нақты азаптау болғанын меңзейді.

ЕРЕКШЕ НАЗАР АУДАРАТЫН НӘРСЕ

Айрықша назар аударатын жайт – білектегі жарақаттар. Айзаттың сіңлілерінің айтуынша, жерлеу алдында мәйітті жуындырғанда, оның білектерінде тері қалмаған – етке дейін жұлынған.

– Киімін шешкен кезде жыламай тұра алмадық. Анам сол жерде есінен танып қалды. Денесінде сау жер жоқ еді. Бір де бір… – дейді марқұмның сіңлісі.

– Біз оның азапталғанына сенімдіміз. Өзім 30 жыл фельдшер болып істедім. Мұндай жарақаттар құлау не төбелестен болмайды. Бұл жерге сүйрелгеннен қалған. Ол бірнеше минут емес, сағаттар бойы болған, – дейді Айзаттың тәтесі Раушан Дәуренбекова.

АЙЗАТ ЖҮКТІ БОЛҒАН

Туыстарының айтуынша, Айзат жүкті болған. Ал қылмыстың бәрі екі жасар қызының көз алдында болған делінеді. Қазір бала психологиялық шокта жүр.

– Ештеңе айтпайды, тек басын ұстап алып, «мама, мама» деп күбірлей береді. Көлеңкеден қорқады, түнде ұйықтамайды. Бәрін көрді, бірақ сөйлей алмайды, – дейді туыстары.

ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ

Полиция мәліметінше, Айзат Жұманова 22 маусым күні түнгі 02:30-да Талдықорғандағы облыстық ауруханаға жеткізілген. Жарты сағаттан кейін дәрігерлер оның көз жұмғанын растаған. Алайда туыстары бұған сенбейді. 

ҚЫЛМЫСТЫ ЖАСЫРУ ӘРЕКЕТІ МЕ

Бұған қоса, туыстарының айтуынша, Айзатты ауруханаға апармас бұрын жуындырып, киімін ауыстырып қойған. Киімінде қан не зорлық белгілері болмаған. Бұл қылмысты жасыру әрекеті болуы мүмкін дейді туыстары.

Куәгерлердің айтуынша, күйеуі оқиға кезінде мас болған және ауруханада да агрессивті мінез көрсеткен.

ТАҒЫ БІР МАҢЫЗДЫ ЖАЙТ

Бұл істе тағы бір маңызды жайт – күйеуі Айбардың жуырда Қапал ауылының әкімі болуға кандидатурасын ұсынғаны. Айбардың өзі әйелі екінші қабаттан селфи жасап жатып құлап өлді деп айтқан көрінеді. Ал полиция бұл оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлігі бойынша «Абайсызда адам өліміне әкеп соққан ауыр дене жарақатын келтіру» бабымен іс қозғаған.

Туыстары бұл баптың тым жеңіл екенін айтып, істі «Асқан қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру» бабына қайта саралауды талап етуде.

– Бұл «абайсызда болған өлім» емес, бұл – азаптау. Әдейі, жоспармен жасалған. Кейін қылмысты жабуға тырысты. Ол барлығын саналы түрде жасады, – дейді марқұмның туыстары.

Журналист Айзат Жұманованың ісі қоғамда үлкен резонанс тудырған Салтанат Нүкенованың ісіне қатты ұқсайтынын, бұл жолы да қоғамның үнсіз қалмауына үміт бар екенін атап өтті. 

Серіктес жаңалықтары