Мемлекеттік ақпарат агенттігі Qazcontent-тің бұрынғы басқарма төрағасы Бекзат Жүсіпов Ақтау қаласы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Ақтау әкімдігіндегілер Бекзат Жүсіповтің жаңа қызметке тағайындалғанын растады. Ол 1989 жылы Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданына қарасты Үштаған ауылында дүниеге келген.
БІЛІМІ
Бекзат Жүсіпов әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін, Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетін, сондай-ақ Ұлыбританиядағы Шығыс Англия университетінің магистратурасын тәмамдаған. «Болашақ» халықаралық бағдарламасының түлегі.
ЕҢБЕК ЖОЛЫ
Еңбек жолын 2006 жылы «Қазақстан» РТРК» АҚ Маңғыстау филиалында редактор болып бастаған. 2009–2013 жылдары республикалық телеарналарда жұмыс істеді. 2013–2016 жылдары Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметін басқарды, баспасөз хатшысы болды. 2019–2021 жылдары «Қазақстан» РТРК» АҚ Маңғыстау филиалының директоры қызметін атқарды. 2021–2022 жылдары Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысы хатшылығы жетекшісінің орынбасары болды. 2022–2023 жылдары Қазақстан Республикасы Премьер-министрі кеңсесі басшысының орынбасары қызметін атқарды. 2023–2024 жылдары Qazcontent мемлекеттік ақпарат агенттігінің басқарма төрағасы болды.
АҚТАУДЫ КІМ БАСҚАРЫП ОТЫР
Ақтау қаласының әкімі қызметіне 2024 жылдың 16 шілдесінде Әбілқайыр Байпақов тағайындалған болатын. Бұған дейін ол Маңғыстау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасын басқарған. Шетпе ауылында туған Байпақов – жергілікті атқарушы органдарда түрлі лауазымдарда қызмет атқарған, оның ішінде Ақтау қаласы әкімінің орынбасары және қала әкімі аппаратының басшысы болған.