×
535.13
627.44
6.52
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
535.13
627.44
6.52

"Қария жуас, елге сыйлы адам еді". Әкесін сабаған асаба жауапкершілікке тартыла ма

Бүгін, 11:24
"Қария жуас, елге сыйлы адам еді". Әкесін сабаған асаба жауапкершілікке тартыла ма
Ulysmedia.kz коллажы

Түркістан облысында жаға ұстатарлық оқиға тіркелді. Шардара ауданында 40 жастан асқан асаба азамат туған әкесіне күн көрсетпей, соққының астына алып келгені белгілі болды. Жәбір көрген қария кейін көз жұмды.

Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада ер адам әкесін балағаттап, жерге сүйреп, бет-аузы қан жоса болғанша ұрғаны көрініп тұр. Оқиға ел арасында резонанс тудырып, қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызды.

Көршілердің дабылы нәтиже бермеген

Көршілердің айтуынша, 70 жастан асқан Есіркеп қарияны баласы бірнеше рет ұрып-соққан. Оны көріп, видеоға түсірген тұрғындар жергілікті әкімдікке де шағымданған. Алайда, тиісті органдардың әрекеті дер кезінде нәтиже бермеді. Қария бес күн бұрын қайтыс болған.

- Шал қайтыс болардан алдын ұрып жүргенін естідік. Видеосын әкімшілікке тапсырған дейді. Ескерту жасалғанын білдік. Содан кейін көп ұзамай шалды жерледік, – дейді ауыл тұрғыны Малика Бейсенова. 

Әкесімен бірге тұрмаған, кейін қолына алған

Ауыл имамының айтуынша, Алмас есімді азамат бұған дейін мешіт маңындағы қайырымдылық үйінде тұрып келген. Кейін жаңа үйге көшіп, әкесін өз қолына алған.

- Басында әкесімен бірге тұрған жоқ. Жаңа үйге көшкеннен кейін ғана қолына алған деп естідік. Бұндай жағдай боларын алдын ала білсек, жол бермес едік, – дейді ауыл имамы Нұрахмет Бекжігітов.

Асабалықпен де, азаншылықпен де айналысқан

Тұрғындардың сөзіне қарағанда, күдікті асаба ретінде де, мешіттің ауласында азаншы ретінде де танымал болған. Кейін мәдениет үйінде әдіскер болып жұмыс істепті.

- Мешітте шырақшы ма деп ойлайтынбыз. Кейін мәдениет саласына ауысты. Атасы жуас, елге сыйлы адам еді. Инсульт алған соң денсаулығы нашарлады. Баласына ауыртпалық болған шығар…, – дейді ауыл тұрғыны Нұркен Ағажанов.

Қоссейіт ауылдық емханасының дәрігерлері марқұмның бел омыртқасынан жарақат алып, жүре алмай қалғанын айтады. Бірақ ешқандай шағым түсірілмегенін жеткізді. Ал әкімдік өкілдері жағдай жайлы ескертілгенін, жиналыс өткізілгенін айтты.

- Екі-үш мәрте емхана тарапынан ескерту түсті. Содан кейін әкімдік, учаскелік инспектор, медиатор мен имам бәрі бірге отбасымен сөйлесті. Түсіндіру жұмыстары жүргізілді, дейді ауыл әкімінің орынбасары Әділбек Әлденеев. 

Қазіргі таңда марқұмның ұлы Алмас Садақбаевқа қатысты қылмыстық іс қозғалып, ол қамауға алынды. Ал, оқиғаның куәсі болған келініне қатысты тергеу амалдары жалғасып жатыр. Қария көз жұмған үйде қазір ешкім жоқ.

Бұған дейін

Еске салайық, бұған дейін Алмас Садықбаев туралы не белгілі екенін жазған едік. Видеода әкесін аяусыз ұрған ер адам өзін асаба, әнші ретінде таныстырған. Мәдениет әлеміне қатысы бар адам 2024 жылы “Талантты асаба” атағын да алыпты. 

Серіктес жаңалықтары