Алматы қалалық мәслихатының депутаттары қаланың бас жоспарына енгізілген өзгерістерді бекітті. Жаңа түзетулерге сәйкес, енді мегаполистің тауға жақын бөлігіне нүктелік құрылыс жүргізуге тыйым салынады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Не өзгереді?
Қабылданған түзетулердің мақсаты - қалалық ортаны жақсарту, беткейлердің орнықтылығын арттыру және қауіпсіздікті күшейту. Бұдан былай көпқабатты тұрғын үйлер мен тұрғын кешендер салуға болмайды. Ерекшелік тек әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына және туризмді дамытуға бағытталған жобаларға жасалған.
Сондай-ақ құжатта әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылымға артық жүктеме түсіретін тығыз құрылысқа шектеу қою қарастырылған. Сонымен қатар, қолданыстағы ғимараттарды реконструкциялау, қайта жоспарлау, жаңғырту және күрделі жөндеу бұрынғы параметрлер шегінде рұқсат етілген.
Қашан күшіне енеді?
Үкіметтің бас жоспарды түзету туралы қаулысы мамыр айында бекітіледі деп күтілуде. Ал келесі жылдың соңына дейін қала аумағының деталды жоспарлау жобасы толық келісілмек.
Контекст
Бұған дейін индустрия және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Алматы мен Астанадағы нүктелік құрылыс проблемасына қатысты түсініктеме берген еді. Ол қазақстандық қалалардың бекітілген бас жоспарлары акиматтардың бастамасымен де, құрылыс компанияларының қысымымен де өзгертілмейді деп атап өткен.