×
530.07
615.2
6.58
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
530.07
615.2
6.58

«Жаман сөздің» құны қанша? ШҚО-да ауыл әкімі бейәдеп сөз айтқаны үшін қалай жазаланды

Бүгін, 15:33
«Жаман сөздің» құны қанша? ШҚО-да ауыл әкімі бейәдеп сөз айтқаны үшін қалай жазаланды
Ulysmedia.kz коллажы

Шілікті ауылдық округінің әкіміне жаза тағайындалды. Ulysmedia.kz мемлекеттік қызметшілерге ұсақ әкімшілік құқықбұзушылықтар, әдепсіз мінез-құлық және бейәдеп сөздер үшін қандай жаза қолданылатынын анықтады.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Енді Шығыс Қазақстан облысындағы шағын ғана ауыл туралы бүкіл ел біледі. Шілікті ауылдық округі Зайсан ауданының атағы оның әкімі Қуаныш Төлеуханның арқасында жайылды – халықпен кездесу кезінде тұрғындардың сұрақтары әкімнің ашуын келтіріп, ол бейәдеп сөздерге көшкен. Әдетте мұндайда жұрт қорқып тарайтын еді, бірақ тұрғындар телефондарына видео түсіріп, әлеуметтік желіге жариялаған. Кадрлар тіпті Өскеменнен бастап Астанаға дейін жеткен. Видеоның өзінде әкім адамдарды кабинетінен шығарып жіберуге тырысып жатқаны, ал бұл сәтті полиция қызметкерінің бақылап тұрғаны көрінеді.

– Міне, әкімнің қылығы осы. Сіз сұраққа төзбейтін қандай әкімсіз өзі? Бұл не масқара? Полицей мырза, неге қарап тұрсыз? Қазір вице-министрге жіберемін, неге осылай өзін ұстайды, – дейді кадр сыртындағы дауыс.

РЕАКЦИЯ ЖӘНЕ АЙЫППҰЛ

Бейнежазба министрліктерге дейін жетті ме, белгісіз, бірақ бақылаушы органдардың мониторингіне ілінген. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Ulysmedia.kz редакциясының сауалына:

- БАҚ мониторингі барысында Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы Шілікті ауылдық округінің әкімі Төлеухан Қ.Т. әрекеттеріне қатысты жарияланым анықталды, – деп жауап берді.

Сөйтіп, кабинеттің ішінде болса да бейәдеп сөз айтудың салдары болды, әкімге қатысты тәртіптік іс қозғалып, ресми тергеу жүргізілді.

– Агенттіктің ШҚО бойынша департаменті аталған лауазымды тұлғаның қызметтік этика нормаларын бұзу фактілері бойынша тәртіптік іс қозғап, қызметтік тексеріс жүргізді, – делінген Ulysmedia.kz-ке берілген жауапта.

Одан кейін іс материалдары облыстық Әдеп жөніндегі кеңеске жолданған. Кеңес отырыс өткізіп, Зайсан ауданының әкіміне Төлеухан Қ.Т.-ға «қатаң сөгіс» түрінде тәртіптік жаза қолдануды ұсынған. Істі Зайсан аудандық соты да қарады. 9 қыркүйекте әкім әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 55 048 теңге айыппұл салынды.

ШҚО полиция департаментінің бастығы Омарбековтың айтуынша, сот материалды қарау кезінде полицейдің әрекетіне де құқықтық баға берген. Алайда қызметтік әрекетсіздігі үшін полиция қызметкері қандай жаза алғаны белгісіз.

Енді осы ауылдық округте болашақта әкім өз орнын лайықты ұстап, ал полиция қызметкерлері бейәдеп мінез танытқандарға дер кезінде шара қолданар.

Серіктес жаңалықтары