Алматыдағы "Перзент" балалар үйінің негізін қалаушы Әмина Әжібаева өрттен кейін ақша жинамауды сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
9 қаңтарда күндізгі төрттер шамасында Алматыдағы “Перзент” балалар үйінде өрт шыққан болатын. Мыңдаған баланы бауырына басқан Әмина Әжібаева осыған байланысты алаяқтарға ескерту жасады.
- Шамалған станциясына барып балалардың көмірін әкеліп алайын деп келіп едім, "апа, үй өртеніп жатыр" деп суық хабар келді. Бірден қайтып келдім. Үй 4-5 сағаттан бері өртенді. Өтініп сұрайтыным - ақша жинау деген алаяқтықтарыңды қалталарыңа салып қойыңдар, – дейді Әмина Әжібаева.
Ол қазіргі уақытта ешкімнен көмек сұрамағанын атап өтті.
- Баратын жеріміз бар. Балалардың бәрі аман-есен. Бір киіммен жүгіріп шығыпты. Ешкімнен көмек сұрап жатқан жоқпыз. Осы жағдайды пайдаланып, ақша жинайтын тіршіліктеріңді тоқтатыңдар. Керек болса өзім айтамын. Үйден түк қалған жоқ, - дейді Әмина Әжібаева.
ӨРТ
Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы балалар үйінің аумағында орналасқан асхана ғимаратында өрт шыққанын хабарлаған едік.
Қазіргі уақытта балалар уақытша сауықтыру санаторийіне орналастырылды. Онда қажетті көмек пен қолдау көрсетілуде.