×
522.19
606.42
6.47
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
522.19
606.42
6.47

Қорқынышты фильмдегі көрініс: Астана маңында апатты үй тұрғындары үреймен отыр

Бүгін, 10:24
Қорқынышты фильмдегі көрініс: Астана маңында апатты үй тұрғындары үреймен отыр
Ulysmedia.kz коллажы

Астанадан бірнеше минуттық жерде құлаудың аз-ақ алдында тұрған бес қабатты апатты ғимарат тұр. 70-жылдары салынған, сол кездегі Целиноград әуежайы қызметкерлеріне арналған жатақхана бүгінде «жартылай қаңыраған ғимаратқа» айналған. Құрылғаннан бері мұнда бір де бір рет күрделі жөндеу жүргізілмеген, соған қарамастан ішінде әлі күнге дейін адамдар тұрып жатыр. Олар күн сайын таңды жаңа күн өздеріне соңғы күн болып жүрмесе екен деген үреймен қарсы алады. Ulysmedia.kz тілшісі Астананың шетінде өмір сүріп жатқан тұрғындардың қандай жағдайда күн көріп отырғанын және бұл мәселеге биліктің жауабы қандай екенін анықтап көрді.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Бұрынғы жатақхананың орналасқан жері – «Пригородный» тұрғын алабы, Арнасай көшесі, 111-үй. Есіл ауданына қарағанымен, бұл аймақ қала орталығынан алшақ, сол себепті гүлденген сол жағалауынан едәуір ерекшеленеді. Тұрғын алабы көбіне аз қабатты, бір бөлігі жаңа, бір бөлігі ескірген үйлерден тұрады. Ulysmedia тілшілері барған үй – ең көнелердің бірі, 1978 жылы салынған.

Ғимараттың халі “мүшкіл” екені сыртынан-ақ анық көрініп тұр. Үй «қирап жатқандай» әсер қалдырады – қалың қабыршақ сылақтар жылу оқшаулағышпен бірге үгітіліп түсіп, астындағы кірпіш көрініп тұр.

Қорқынышты фильмдегі декорация сияқты

Подъезге кіргенде жағдай тіпті ауыр: қабырғалар үгітіліп кеткен, тар әрі қараңғы дәліздер, анда-санда жыпылықтайтын шамдар. Төбеде – қанша жылдан бергі су ағулардың іздері, ылғалдан қара қошқылданған дақтар мен көгерген жерлер.

Бірақ бұл үйге тек қараудың өзі ғана қиын емес, ішінде тыныстаудың өзі қиын. Әлі де адамдар тұрып жатқан ғимараттың іші шаңға, сасық ылғал иісіне және жертөледе жиналған кәріз қалдықтарының өткір иісіне толы.

«Қираған үйде өмір сүріп жатырмыз»

Осындай сұмдық жағдайда болса да, бұл апатты жатақханада кем дегенде 130 отбасы тұрып келеді. Ulysmedia тілшілері жұмыс күндері тұрғындардың көбі жұмыста болғандықтан, тек Майра мен Алмагүлмен сөйлесе алды. Қалған бөлмелерде жасы үлкен, сырқат адамдар және бірінші, екінші топтағы мүгедектігі бар тұрғындар тұрады – олардың журналистерге жауап беретін шамасы жоқ.

Майра мен Алмагүл – 2019 жылдан бері осында тұрады. Олардың айтуынша, үйдің жағдайы соншалықты нашар болғандықтан, тіпті ПИК те бұл үйді басқарудан бас тартқан. Қыс кезінде жылу жүйесі мүлдем істемейді – тозған коммуникация салдарынан үй ішіндегі температура нөлге жақын болады. Суықтан жуыну да мүмкін емес: дәретханадан бөлек, балконға шығатын жолдың жанында, ал одан үнемі аяз тартқан суық кіреді.

Ең ауыр мәселе – шатырдан су жиі ағады. Жауын немесе қар жауған сайын су бірден бірнеше қабатты басып қалады.

— Бәрі тесік, су тікелей бөлмеге кіреді. Көгерген жерде, саңырауқұлақтың ортасында тұрып жатырмыз. Шынымды айтсам, жаңбыр жаумаса екен деп күнде Алладан тілеймін. Соңғы күндері тіпті төртінші қабатқа дейін су жетті. Суықтан әбден қалтыраймыз, кейде мен тіпті басқа жақта қонып шығамын, көп адам ауырып қалды, — деді бесінші қабат тұрғыны Майра.

Ол журналистерге бөлмесін көрсетті.

Айта кетейік, бұл үйде су кіргеннің кесірінен екі рет өрт болған. 

Соңғы жылдары жөндеу көрмеген подъезд маскүнемдер мен күмәнді адамдар көп жиналатын орынға айналғанын да тұрғындар жасырмайды.

«Кез келген сәтте опат болуымыз мүмкін»

Айта кету керек, жатақхана тұрғындары редакцияға өздері хабарласқан. Себебі жылдар бойы әкімдікке жасаған өтініштері еш нәтиже бермеген. Жақында олар Instagram парақшасын ашып, үйдің суреттерін жариялап, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан тікелей араласуын сұрай бастаған. Тұрғындардың айтуынша, үйдің тозу деңгейі 75%-дан асады.

2023 жылы бұл ғимарат ресми түрде апатты және сүрілуге жататын үйлер тізіміне енгізілген. Бірақ, тұрғындардың сөзінше, сүру мерзімі үнемі кейінге шегеріліп келеді. Соңғы мәлімет бойынша, үй келесі жылдың басында бұзылуы керек, бірақ әлі күнге ешқандай ресми хабарлама түспеген.

– Бізге тек «пәтер жоқ», «кезек күтесіздер», «көшірілу 2026 жылдың бірінші тоқсанына қалдырылды» деген жауаптар ғана келеді. Бірінші тоқсан деген жақындап қалды ғой. Егер қалада нақты жоспар болса, бізге хабарлама келген болар еді. Мысалы, тұрғындардың бір бөлігі осындай мекенжайға көшеді, ал басқалары – басқа жерге деп. Біз ертең-ақ үй астында қалып кетеміз бе деп қорқамыз. Қайғылы жағдайға жеткізбей, көшіруді жеделдетуді сұраймыз, — деді Майра мен Алмагүл.

Әкімдік не дейді?

Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын инспекциясы басқармасы Арнасай, 111 мекенжайындағы тұрғындарды көшіру келесі жылға жоспарланғанын растады. Басқарма мәліметінше, қазір апатты үйлердің тұрғындары үшін жаңа пәтерлер сатып алу процесі жүріп жатыр.

– Апаттық үйлерді тану жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шешімімен 2023–2029 жылдарға арналған реновация бағдарламасы шеңберінде 4 710 пәтері бар 206 апатты үйдің тізімі жасалды. Биыл 22 апатты үйдің тұрғындарын көшіру (787 пәтер) жоспарланып отыр. <…> Астана қаласының реновация жобасы аясында сүрілуге жататын апатты үйлер тізіміне сәйкес, Есіл ауданы әкімдігінің ұсынысымен «Пригородный» тұрғын алабы, Жанадария көшесі, 111-үй 2025 жылы көшірілуі тиіс. Пәтер сатып алу рәсіміне байланысты көшіру 2026 жылдың бірінші тоқсанына жоспарланды, – делінген жауапта.

Басқарма сонымен қатар «заңда көрсетілген жағдайлардан басқа кезде өз мүлкін күтіп-ұстау міндеті меншік иелерінің өздеріне жүктелетінін» ескертті.

Ал неліктен бұл тұрғындар үшін қауіпті үйдің сүру мерзімі үш жыл қатарынан кейінге қалдырылып келе жатқаны белгісіз. Тұрғындардың пайымынша, қала билігі 2019 жылы Кенесары көшесіндегі үй құлаған жағдайды еске алып, соған ұқсас оқиғаның қайталануын «күтіп отырғандай». Олар өз үйлерінің жағдайы әлдеқайда қауіпті екенін айтады.

Ауладағы көрініс те бұл үйдің ғана емес, тұтас ауданның назардан тыс қалғанын көрсетеді — коммуналдық қызметтердің мұнда қашан болғанын анық айту қиын.

Ulysmedia оқиғаны бақылауда ұстайды.

Серіктес жаңалықтары