Түркістан облысының Жетісай ауданындағы Алғабас ауылында 12 адам тірідей жанып кетті. Көршілері де, бүкіл қазақстандықтар да әлі күнге дейін бұл сұмдықтың қалай болғанына сене алмай, ес жия алар емес. Ulysmedia.kz тілшісі қайғылы оқиға болған жерде болды.
Терезедегі тор салдарынан шыға алмады
Қайғылы жағдай таң ата болды. Көршілердің айтуынша, олар екінші қабаттан шыққан әйелдің жан даусынан оянып кеткен. Отқа оранған үйден көмек сұрап айқайлаған әйелді құтқару мүмкін болмады. Терезелердегі темір тор салдарынан ол да, оның балалары да өздігінен сыртқа шыға алмаған.
– Ана әйел айқайлаған сәтте мен бірден олардың үйіне жүгірдім. Қарасам, ойбай, айнала толған от. Қайда жүгірерімді білмедім. Төрт тарап қызыл жалын. Ешкімді ол өрттен алып шыға алмадық, – дейді қаза тапқандардың көршісі Ханымай Жүнісова.

Қаза болғандар туралы не белгілі?
От қапқан үйден 34 жастағы ер адам, оның әйелі және бес баласы шыға алмады. Сонымен қатар, сол түні кіші інісінің үйінде қонып қалған ағасы да қаза тапқан. Түтін басқан үйден 35 жастағы әйел мен оның төрт баласының да денесі табылды.
Тек бір отбасының үш адамы ғана тірі қалған. Олар – 39 жастағы ер адам, 34 жастағы әйел және олардың 7 жастағы қызы. Қазір олардың біреуі есін жиғаны хабарланды.
– Мені куәгер ретінде сол үйге шақырды. Ішке кірсем — тірі жан қалмаған. Бәрі түгел жанып кеткен, – дейді тағы бір көрші.
Көршілердің айтуынша, отбасы оқиға алдында той жасаған.

– Олар үш ағайынды еді. Бірі осы жерде тұрады, бірі жолдың арғы бетінде, бірі көрші ауылда. Тойдан кейін екі отбасы осы үйге келіп қонып шыққан, қалғандары үйлеріне тарап кеткен. Содан кейін осы сұмдық жағдай болды, – дейді көрші.
Жерлеу және тергеу
Қайтыс болғандарды аман қалған бауырдың үйінен жерледі. Марқұмдардың туыстары да, үй иесінің өзі де журналистермен сөйлескісі келмеді, жаназа намазы кезінде фото мен видео түсіруге де рұқсат бермеді. Әрине, жақындарының бұл әрекетін түсінуге болады.

Кеше ғана әулетте үлкен той болып еді, бүгін қайғыдан қан жұтып отыр.

Олармен бірге бүкіл қазақстандықтар да қайғырып отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев марқұмдардың жақындарына көңіл айтып, трагедияның себептерін анықтауды вице-премьер Қанат Бозымбаев басқаратын үкіметтік комиссияға тапсырды.

Шенеуніктер, әрине, адамды қайтара алмайды, бірақ болашақта осындай қайғылы жағдайлардың алдын алатын тетіктерді табуы мүмкін. Қорқынышты өрттің себебі әзірге белгісіз. Әкімдік өкілдері трагедияға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын және тергеу жүріп жатқанын хабарлады. 9 қаза тапқан баланың арасында егіздер мен жасы небәрі бір жаста ғана болған сәби бар.