Маңғыстауда Karleone деген лақап атпен танылған танымал дрон-операторы, видеографтың ұсталуына байланысты үлкен дау туды. Оның роликтері жергілікті пабликтерде, жаңалық ресурстарында және Ақтау қаласы әкімдігінің ресми парақшасында жиі жарияланып келген. Алайда бірнеше апта бұрын оның барлық әлеуметтік желідегі аккаунттары кенеттен жойылып кеткен. Ұлыс медиа редакциясы бұл жөнінде алғаш хабарлағандардың бірі - блогер Азамат Сәрсенбаевтан оқиғаның мән-жайын сұрап білді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Блогер Азамат Сәрсенбаевтың айтуынша, күдіктіні жеке танымайды. Бірақ бір салада болған соң бір бірін сырттай біледі.
- Көп жерде видео түсіретін. Видеолары сапалы еді. Бір кезде пабликтер соны талқылай бастады. Таныстарым “не болды?” деп сұрай берген соң, мен де мән бере бастадым. Әлеуметтік желілеріне қарасам, аккаунттарының бәрі өшіп кеткен, – дейді ол.
Оның айтуынша, видеограф жасөспірімдерге мобилографияны, дронмен түсіруді үйретіп, балаларды әртүрлі локацияларға алып барып жүрген.
- Ол 1996 жылғы жігіт. Бірі осы Ақтау ауылынан, бірі Шымкенттен деп айтады. Ал енді бірі тіпті балалар үйінен шыққан жігіт деп айтады. Негізі ата-аналар балаларын курсқа жіберетін. Ол кішкентай балаларды Бозжыра сияқты жерлерге апарып түсірілім жасататын, – дейді блогер.
Азамат Сәрсенбаев ақпараттың рас-өтірігін анықтау үшін, полиция департаментінен жауап алған.
- Маған ҚК 121-баптың 4-тармағы деді – бұл өте ауыр бап. Сол зорлау фактісі бойынша тергеліп жатыр. Бірақ толық мәлімет берілген жоқ, – деді ол.
Блогердің естуінше, бұл мәселе күдік болғанымен, біраздан бері ашық айтылмаған. 13 жасар жасөспірімнің ата-анасы арыз жазған соң, іс тергеле бастапты. Ал, зардап шеккен баланың психологиялық жағдайы ауыр күйде деді.
- Ұят демей, ата-анасының арыз жазғаны дұрыс болды. Егер қылмысы дәлелденсе, өмір бойына бас бостандығынан айыру керек, – деді ол.
ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ?
Маңғыстау облыстық полиция департаменті «кәмелетке толмаған балаға сексуалдық сипаттағы әрекет жасалды» деген ақпаратқа қатысты қылмыстық іс қозғалғанын растады.
Полицияның мәліметінше, 4 қараша күні тәртіп сақшыларына кәмелетке толмағанға қатысты сексуалдық сипаттағы әрекеттер туралы арыз түскен.
- Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 121-бабы, 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Күдікті анықталып, ұсталды. Соттың санкциясымен ол екі ай мерзімге уақытша ұстау изоляторына қамалды, — деп мәлімдеді департамент өкілдері.
Құқық қорғау органдарының хабарлауынша, қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
- Қазіргі кезде қажетті тергеу және процессуалдық шаралардың толық кешені жүргізілуде. Оқиғаның барлық мән-жайы тексеріліп, арызда көрсетілген деректер мұқият зерттелуде, тиісті сараптамалар тағайындалды. Қосымша ақпарат тергеу мүддесіне сай қолжетімді болған кезде беріледі, — делінген полиция мәлімдемесінде.