12 желтоқсандағы өртті сөндіру кезінде ғимаратта болған өрт сөндіруші Қуаныш Тілешов аман қалған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
12 желтоқсан күні шамамен сағат 14:00-де Циолковский көшесіндегі №1 үйде төтенше жағдай болды. Үшінші қабаттағы пәтерде өрт шығып, артынан жарылыс болған. Соққы толқыны терезе жақтауларын түгелдей ұшырып, балконның қалқасын қиратып кеткен.
mGorod.kz мәліметінше, Қуаныш Тілешов биіктікке алғашқылардың бірі болып көтерілген. Ол ішке кіруге дайындалып тұрған сәтте қатты жарылыс дәл сол мезетте болған.
— Барлығы қас-қағым сәтте болды. Қатты жарылыс естілді, алғашында не болғанын да түсінбей қалдым. Ең бастысы — дер кезінде жата қалдым, әйтпесе салдары әлдеқайда ауыр болуы мүмкін еді. Әрине, Жаратқан сақтап қалды деп ойлаймын. Бөлімге оралып, телефонымды қосқанда ондаған қабылданбаған қоңырауды көрдім. Жұбайым, туыстарым, әріптестерім, басшылық, тіпті танымайтын адамдар да хабарласқан. Көбі аман-есен екенімді сұрап, алаңдаған. Сол сәтте мен өз жұмысымның шынымен де маңызды екенін терең сезіндім, — дейді өрт сөндіруші.
ОТБАСЫ
Қуаныш Тілешов 30 жаста, Орал қаласында туып-өскен. Өрт сөндіруші болу туралы шешімді жастайынан қабылдаған, себебі адамдарға көмектескісі келген. Қызметтің үнемі қауіппен байланысты екенін жақсы түсінеді әрі соған физикалық та, моральдық та тұрғыда дайын.
Қызметтен тыс уақытта ол — төрт баланың әкесі, қамқор жар. Жұбайы Манар бұл мамандықтың қауіпті екенін басынан бастап білгенін, күйеуін қолдайтынын айтады. Алайда әрбір шақырту отбасы үшін алаңмен өтетінін де жасырмайды. Қазір жақындары үшін ең бастысы — Куаныштың толық қалпына келіп, демалып алуы. Ал қолдау мен дұға бұл отбасының өмірінің ажырамас бөлігіне айналған.
КОНТЕКСТ
Еске салайық, 12 желтоқсанда Оралдағы көпқабатты үйде жарылыс болды.