×
510.18
601.91
6.51
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
510.18
601.91
6.51

Маңғыстау әлі де таңқалдырады: жергілікті әкім Қилыбайдың болашақ жол картасы қалай іске асуда

Бүгін, 12:08
Маңғыстау әлі де таңқалдырады: жергілікті әкім Қилыбайдың болашақ жол картасы қалай іске асуда
Ulysmedia.kz коллажы

Қазына толы сандықтың үстінде жалаңаш отырған бала бейнесі кім-кімді де таң қалдырмай қоймайды. Бірақ бүгінде мұндай көрініске қазақстандықтар таң қалуды қойған. Өйткені күнде көреді мұндай жайтты. Айтпағымыз сондай күлшелі баланың қонысы Маңғыстау өңірі. 

Жер қойнауы республикалық бюджетті асырап отырғанымен, ондаған жыл бойы тұрғындары қарапайым краннан ауыз су іше алмай отырған өңір. Мұнайдан миллиондар түсіп жатқанымен, қыста жылу желілері жарылатын аймақ халқы парадокста өмір сүріп жатыр. Батыстың қақпасы, стратегиялық форпост әрі жылдар бойы айтылып келген, бірақ бірте-бірте Каспийдің тұзды желіндей қалыпты көрініске айналған созылмалы дерттің қою нүктесі де осы Маңғыстау. 

Биыл сәуір айында Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтауда жергілікті жердің жағдайын тап басып айтты. Инфрақұрылымның тозуы, жанға бататын су тапшылығы, бір ғана салаға тәуелділік. Бұл мәселелер тұқым қуалаған ауру секілді әкімнен әкімге беріліп,  облыс халқын жылдар бойы әуреге салып келеді. 

Ал сегіз ай өткен соң, желтоқсан айының соңында, Орталық коммуникациялар қызметінде Нұрдәулет Қилыбай есеп берді. Бұл әкім сырттан тағайындалған басшы емес, осы өңірдің тумасы. Оның есебіндегі құрғақ сандардың артында қандай нақты өзгерістер тұрғанын Ulysmedia.kz тілшісі саралап көрді.

АШЫҚ ӘҢГІМЕ

Ресми бөлім аяқталып, сұрақ-жауап сессиясы басталған сәттен-ақ, бұл жай ғана жылтырақ пиар болмайтыны аңғарылды. Журналистер бірден мұнайдың үстінде өсіп-өркендеген Жаңаөзеннің болашағы туралы сұрақты төтесінен қойды. Қоры азайып бара жатқан кен орындары туралы әңгіме жиілеген тұста бұл қаланы не күтіп тұр?
Жалтара сөйлеп, жалпылама жауап берудің орнына, Қилыбай күрделі механизмді ашып көрсеткен инженердей ашық сөйледі.

– Бұл сұрақтың өзі өте өзекті, – деді ол.

– Бірақ мәселе басқа. Болашақта бізге мұнай осындай көлемде қажет бола ма? Қазір жасыл сутек, жасыл энергетикаға  көшу үрдісі жүріп жатыр.

Осы бір сөйлем әңгіменің өзегіне айналды. Бұл — парадигманың ауысуы еді. Болашақ жаппай мұнай өндіруде емес, заманның жаңа талаптарына сай өмір сүре білуде. Ал бүгінгі басты міндет — сол кезеңге адамдарды дайындау.

– Қазір біз жастарды мұнайшы емес, болашақ мамандықтарына оқытуымыз керек. Біз сонымен айналысып жатырмыз, – деп түйіндеді әкім.

Экологияға қатысты сұрақтарға да дәл осындай ашық, еш бүкпесіз жауап берілді. Ақтаудағы жуырдағы зиянды шығарындыларға қатысты оқиға жабулы қазан күйінде қалмады, ол ашық түрде тексеріліп, материалдар прокуратураға жолданған. Қилыбай проблемаларды жасырмайды, керісінше оларды шешуге тырысады. 

СУ МӘСЕЛЕСІ

Маңғыстаудағы көп жылдан бері қордаланған проблемалардың өзегі - ауыз су. Жаз айларында шегіне жететін тапшылық өңір өмірінің тұрақты көрінісіне айналған. Бұл туралы президент Тоқаев та нақты тапсырмалар берген еді.

Ал енді Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте бұрын-соңды естілмеген жаңалық айтылды. Әкімнің айтуынша, 2025 жылы өңірде су тапшылығы анау айтқандай болмаған. Сонда бұл мәселе қалай шешілді? 

Жауап қарапайым, бірақ ауқымы орасан жұмыста. Барлығы мәселені сөз етіп жүргенде, Ақтауда «Каспий» ірі су тұщыту зауытының екінші кезегі аяқталды. Нәтижесінде оның қуаты тәулігіне 20 мыңнан 40 мың текше метрге дейін артты. 

Сонымен қатар МАЭК-те, Кендірліде, Форт-Шевченкода, Құрықта жаңа қондырғылар кезең-кезеңімен іске қосылды. Бұл — косметикалық жөндеу емес, жылдарға есептелген толыққанды инженерлік жетістік.

2028 жылға дейін өңірде жалпы құны 114 млрд теңгені құрайтын үш ірі жоба жүзеге асады. Мақсат — «Каспий» зауытының тәуліктік қуатын 100 мың текше метрге дейін жеткізу.

ЖАҢА ҮЛГІДЕГІ ЭКОНОМИКА

Қилыбай стратегиясының өзегі қарапайым қағидаға негіщделген, яғни мұнай-мұнай деп отыратын заман өтті, енді жаңа заман сұранысына свй келетін салаларға да бейімделу керек. 2025 жылдың 11 айындағы макроэкономикалық көрсеткіштер әртараптандырудың жай ұран емес, нақты іске айналғанын көрсетіп отыр. Иә, мұнай өндіру 2,4 трлн теңгемен әлі де алып сала болып қала береді. Бірақ өсім енді экономиканың өзге бағыттары есебінен қамтамасыз етіліп жатыр.

– Облыстың негізгі даму бағыттары – өңдеу өнеркәсібі, туризм, көлік пен логистика, шағын және орта бизнес, сондай-ақ балық шаруашылығы, – деп  атап өтті әкім.

Бұл формула жұмыс істей бастағанын облыс басшысы келтірген көрсеткіштер дәлелдейді. Құрылыс секторы 107,7%-ға өсті: өңірде тек тұрғын үйлер салынып жатқан жоқ, сонымен қатар 491 шақырым жол жөнделіп, жергілікті трассалардың 97%-ның жағдайы жақсарған. Көлік және логистика саласы 107,5%-ға артты, бұл Транскаспий бағыттарының жандануымен байланысты. Аталған бағыттар бойынша жүк тасымалы 2,5 млн тоннаға жетті.

Алайда сенімнің басты көрсеткіші – инвестиция. Үш жылда 3 трлн теңге тартылған. Бұл бизнестің жаңа ережелерге берген жауабы. Тек 2025 жылы 235 млрд теңгеге 19 жоба іске қосылды. Ал 2032 жылға дейін жалпы құны 10 трлн теңгеден асатын 55 бастама жүзеге асырылуы тиіс.

КАСПИЙ АЛБЫРТЫ ПЕН БОЗЖЫРАДАҒЫ ТУРИСТЕР

Әкім өңір үшін тосын көрінетін жаңа «өсу нүктелерін» қалыптастыруға ерекше мән беріп отыр. Соның бірі – балық шаруашылығы.

– Ақтауда, Каспий теңізі акваториясында теңіз албыртын өсіруге бағытталған ауқымды жоба жүзеге асырылып жатыр, – деді ол.

Бұл – Орталық Азиядағы осындай көлемдегі алғашқы аквамәдениет жобасы. Жоба жылына 5 мың тоннаға дейін бағалы балық өндіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар құрлықта түйе шаруашылығы дамып келеді. «Шөл кемелерінің» саны 100 мыңға жуықтап,  сүттен түрлі өнім дайындауға негіз болып отыр. Бұл – құм арасынан бой көтерген жоғары технологиялы агробизнес.

Қилыбай Маңғыстаудың бірегейлігі тек жер қойнауында емес, климаты қатал, тарихы терең, қарасаң көз тоймайтын Каспийдің көгілдір айдынында екенін жақсы түсінеді. Бұл келбет біртіндеп жаңа, қуатты капиталға айналып келеді.

– Статистикалық деректерге сәйкес, 2025 жылдың 9 айында өңірге 350 мыңнан астам турист келген. Шетелдік туристерді қабылдау бойынша Маңғыстау облысы республикада үшінші орынға шықты, – деп атап өтті әкім.

Бұл нәтиже кездейсоқ емес. Заманауи қонақүйлердің ашылуы, Бозжыра шатқалында визит-орталықтың іске қосылуы, вокзалдардың жаңғыртылуы – барлығы жүйелі жұмыстың жемісі. 2029 жылға дейін жалпы құны 198 млрд теңге болатын 17 туристік жоба іске асырылмақ. Туризмге иек артып отырған өңір осылай жұмыс істеуі керек. 

СУДЫҢ ДА, СӨЗДІҢ ДЕ ҚҰНЫ

Сонымен қатар «батыс қақпаның» екінші қыры – логистикалық әлеуеті күшейіп келеді. Түркиялық инвесторлармен бірге мультимодальды хаб жобасы, Құрық портының түбін тереңдету, жаңа паромдар – мұның бәрі 2030 жылға қарай өңір порттарының өткізу қабілетін 60 млн тоннаға дейін арттыру мақсатына бағытталған нақты қадамдар.

«Ақтау – Қазақстанның батыс қақпасы» деген тіркес жергілікті әкім үшін жай презентациялық метафора емес, күн сайын іске асырылып жатқан нақты тапсырма. Маңғыстау тарихында даңғаза даму бағдарламалары аз болған жоқ, бірақ олардың көбі уақыт өте құмға сіңіп кеткен судай жоғалды. Бұған өмірдің қатал шындығы, жергілікті ерекшелікті түсінбеу және нақты бақылаудың жоқтығы себеп болды.

Ал Нұрдәулет Қилыбай билікке Астананың жылы да жарық кабинеттерінен сап етіп келе қалған жоқ. Осы өңірдің өз баласы, жұмыстың түр-түрін көрген, көре жүріп көкейге көп нәрсе түйген. Ол туған өңірін тозығы жеткен, бірақ аса қымбат күрделі механизм ретінде көреді. Бұл механизмде тек аса табысты бір «бұранданы» – мұнайды – шексіз бұрай беруге болмайды. Өйткені адамдардың күнделікті өміріне қажетті су, жылу, жол, ауа сапасы баяғы жартас сол жартас болып қала бермеуі тиіс.

Қаржыгер әрі инженер ретінде ол өңірлік өнімнің құрғақ сандарын, нысандарды іске қосу кестесін оқи алады. Ал Бейнеудің тумасы ретінде жаздың аптабында су таситын көлікті күтудің қандай екенін, дарынды жастардың басқа мүмкіндік болмаған соң вахтадан өзге жол іздеп кетіп қалуын жақсы біледі.

Сондықтан оның стратегиясының негізі – өткеннен қол үзу емес, болашақты біртіндеп, нақты тетіктер арқылы құрастыру. Краннан су ағатын, жұмысы тек мұнай ұңғымасында емес, заманауи балық фермасында, логистикалық хабта немесе жаңа қонақүйде де табылатын болашақ құру. «Батыс қақпа» – тек қара алтын тасымалдайтын құбыр емес, туристер, жүк, технология мен идеялар ағымы өтетін тірі кеңістікке айналуы тиіс. 

Маңғыстауға дәл осындай, судың да, уәденің де шынайы бағасын білетін әкім керек болған сыңайлы. Өңір енді «қақпаларын» есеп үшін емес, шынайы жаңа өмірге аша бастағандай.

Айта кетейік, Маңғыстауда негізгі капитал мұнайға емес, адамға жасалып отырғаны туралы Нұрдәулет Қилыбай Ulysmedia.kz-ке жазда берген эксклюзивті сұхбатында да айтқан еді.

Серіктес жаңалықтары