Бесқарағай аудандық мәслихаты депутаттарының шешімімен ауданның бұрынғы әкімі, 68 жастағы Нұрлан Сыдықовқа Абай облысының Құрметті азаматы атағы берілді. Ресми түрде — өңірге сіңірген еңбегі үшін. Сот оны пара алғаны үшін кінәлі деп таныған. Ulysmedia.kz бұл қалай мүмкін болғанын және депутаттар нені байқамай қалғанын талдап көрді.
Депутаттар нені «байқамады»?
Тиісті шешім мәслихаттың ресми сайтында жарияланған. Жаңа Құрметті азаматтар тізімінде сыбайлас жемқорлық бойынша сотталған экс-шенеуніктің аты-жөні де бар.

Сот базасында әлі күнге дейін бұл үкім сақтаулы. Бірақ ол, шамасы, халық қалаулыларына еш әсер етпеген. 2019 жылы Бесқарағай ауданының әкімі қызметін атқарып жүрген Нұрлан Сыдықов қылмыстық тергеуге іліккен.
— Жер мәселесін жеке компанияның пайдасына шешіп беру үшін шенеунік ақша талап еткен. Тікелей емес, делдал арқылы, өзімен пара берушінің арасын барынша алшақ ұстаған. Алайда бұл ойы іске аспай қалған. Ақша беру сәті ҰҚК қызметкерлерінің бақылауында өткен. Купюралар алдын ала арнайы ұнтақпен белгіленген. Тінту кезінде бәрі әшкере болды: Сыдықовтың сейфінен «пара» деген жазуы бар ақша табылды, ал қолынан люминесцентті заттың ізі анықталды. Айғақтар соншалықты анық болғандықтан, оларды жоққа шығару мүмкін болмаған, — делінген іс материалдарында.
Сот не деді?
Сот Нұрлан Сыдықовтың жер телімін қайта рәсімдеуге көмектескені үшін 1 миллион теңге алғанын анықтады. Экс-әкім кінәсін толық мойындап, өкініш білдірген және прокуратурамен процестік келісім жасаған. Соның нәтижесінде ол түрмеден құтылып, шамамен 30 млн теңге айыппұл төлеген. Сонымен қатар, оған мемлекеттік органдарда, жергілікті өзін-өзі басқару құрылымдарында және квазимемлекеттік секторда өмір бойы жұмыс істеуге тыйым салынды.
Араға бірнеше жыл салып, дәл осы адам, ресми сыбайлас жемқорлық үкімі бар тұлға депутаттардың шешімімен Абай облысының Құрметті азаматтары қатарына еніп отыр.