Былтыр тамызда Ыстықкөлге демалуға барып, Қырғызстан шекарасында ұсталған Қазақстан азаматы Ануар Жетібаевтың туыстары одан жеті айдан бері хабар ала алмай отырғанын айтады. Сөздерінше, Қырғызстан тарапы оған «ұйымдасқан қылмыстық топты қаржыландырды» деген айып таққан. Бірақ жарты жылдан бері тергеу әрекеттерінің қалай жүріп жатқаны белгісіз. Туыстары ешқандай дәлел жоқ дейді. Қазақстан билігінен араша сұрайды. Адвокаттары осы күнге дейін онымен кездесе алмаған, деп хабарлайды Ulysmedia.
Ануар Жетібаевтың әйелі Зәуре Телемісова жеті айдан бері күйеуінен хабар ала алмай отырғанын айтады. Оның сөзінше, жұбайы былтыр 6 тамызда Қырғызстанның Ыстықкөл аумағына достарымен демалуға кетіп, Ақжол шекара бекетінде ұсталған. Содан бері ол сол елде қамауда отыр.
Қырғызстан құзырлы органдары Ануар Жетібаевты Қамшы Асанбек (Қырғызстанда «қылмыс әлемінің серкесі» атанған Қамшы Көлбаев 2023 жылы 4 қазанда Бішкекте арнайы операция кезінде өлтірілген) пен Қазақстанда сотты болған Есбол Жапбасовқа қатысы бар «ұйымдасқан қылмыстық топты қаржыландырды» деген күдікпен ұстаған. Алайда Зәуре Телемісова күйеуінің қылмыстық топтарға ешқандай қатысы жоқ екенін айтады. Оның сөзінше, жұбайының бар айыбы Жапбасовпен бір ауылдан болуында ғана.
«Оны МҰҚК орталық аппаратына алып барған. Оның үстінен 263-бап «қылмыстық ұйымдарды қаржыландыру» бойынша айып тағылған. 6 тамыздан бері менің күйеуім тергеу изоляторында отыр. Алты айдан бері бірде-бір жауап алу, тергеу жұмыстары болған жоқ. Бірде-бір куә, бірде-бір дәлел де болмады. Алты айдан бері менің күйеуіме қандай айып тағылғанын, кімнің жәбірленуші екенін, оны алты айдан бері не үшін қамауда ұстап отырғанын түсіндірген жоқ. Маған да, адвокатқа да, Қазақстан консулына, елшілігіне айтқан жоқ», – дейді ол.
Зәуре Телемісованың айтуынша, күйеуі ұсталғанға дейін ауыл шаруашылығымен айналысқан. Шаруа қожалығы болған. Отбасында бес баласы бар. Қырғызстанмен шекарадағы Қордай ауылында тұрған. Кейінгі он жылдан бері Астана қаласында тұрады. «Қырғызстанда ешқандай бизнесіміз жоқ» дейді ол.
«Кездесуге не мені, не Қазақстан консулын кіргізбейді. Жұбайымның құқықтары тапталып отыр. Күйеуімді көрмегеніме алты ай болды. Оның денсаулығы, жағдайы қалай екенін білмеймін. Оған моральдық немесе физикалық қысым жасалып жатыр ма, ол да беймәлім. Менің бес балам бар. Ең кішісіне төрт ай. Шындығын айтқанда, біз қарапайым, қатардағы отбасымыз. Ешқандай ұйымдасқан қылмыстық топтармен байланысымыз жоқ. Күйеуім Қазақстанда да, Қырғызстанда да қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған. Бұл менің күйеуімнің басындағы жағдай ғана емес. Біз Қазақстан елшілігінен білдік, 6 тамызда үш бірдей Қазақстан азаматы ұсталған. Олар үшін бұл қалыпты жағдай. Барлығының оқиғасы бірдей. Ұстайды, алты ай, бір жылдан қамауда ұстайды. Ешқандай тергеусіз, жауап алусыз, дәлелсіз қамауда ұстайды, болды», – дейді Зәуре Телемісова.
Оның сөзінше, Қырғызстанда қамауға алынған адамдардың бір-бірімен ешқандай қатысы жоқ. Екі адам қамаудан босатылған. Осы күнге дейін жұбайының жағдайын айтып, Қазақстанның сыртқы істер министрлігіне, ұлттық қауіпсіздік комитетіне, бас прокуратураға, президент пен премьер-министрге хат жолдаған.
Халықаралық заңгер, сыртқы істер министрлігінің бұрынғы қызметкері Сәуле Сейтімбетова Ануар Жетібаевтың ұсталуына байланысты Қазақстанның ғана емес, Қырғызстанның да мемлекеттік органдарына хат жолдадық дейді. Бірақ ешқайсынан жауап ала алмаған.
«Біз Қырғызстан президентіне, МҰҚК төрағасына, омбудсменге, бас прокурорға, сыртқы істер министріне, Қазақстанның Қырғызстандағы елшісіне хат жолдадық. Қазақстанда президентке, қауіпсіздік кеңесінің хатшылығына, ҰҚК төрағасына, омбудсменге, парламентке, жоғары сотқа, бас прокуратураға, сыртқы істер министрлігіне, ішкі істер министрлігіне, әділет министрлігіне, Қазақстанның Қырғызстандағы елшісіне, Қазақстанның Ресейдегі елшісіне хат жолдадық... Осындай ұзақ жолды жүріп өттік. Мемлекеттік органдардан қандай жауап алдық? Органдардың барлығы азаматтардың құқығын қорғаумен сыртқы істер министрлігі айналысады деп жауап берді. Мен бұрынғы дипломат ретінде айтайын, біздің консулдықтарда құқық қорғау саласында тәжірибесі бар заңгерлер жеткіліксіз», – дейді ол.
Қазақстан сыртқы істер министрлігі берген жауабында Ануар Жетібаевқа қатысты жұмыстар жүріп жатқанын айтқан. Онда ұсталған сәттен бастап Қырғызстандағы елшілік Қырғызстан СІМ мен бас прокуратурасына хат жолдағаны туралы, тергеу сотына консул қатысып, адвокаттар Жетібаевтың денсаулығына байланысты бұлтартпау шарасын өзгертуді сұрап, өтініш хат түсіргені туралы да айтылған. Бірақ тергеу соты қамауда ұстау заңды деген шешім шығарған.
Сәуле Сейтімбетованың айтуынша, Ануар Жетібаевтың мәселесіне қатысты Қазақстан премьер-министрі, бас прокуратура, омбудсмен қырғыз тарапына ресми хат жолдаған. Бірақ ешқандай жауап болмаған. Ол Қазақстан билігі қатқыл саясат ұстанса екен дейді.
«Біздің өтінішіміз, ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы журналистер алдына шығып, мәлімдеме жасап, қырғыз тарапына сигнал беріп, Қазақстан азаматы Жетібаевтың құқықтары қорғалуы тиіс екенін жеткізсе дейміз. Мүмкіндігінше, заңдық тұрғында бостандыққа шығуына қол жеткізсе. Бұдан бөлек, саяси жол бар. Қырғыз тарапы «ізгі ниет актісі» ретінде қабылдап, бостандыққа қол жеткізуге болады», – деді ол.
Адвокат Абзал Қасымжанов Қырғызстан мен Қазақстанның заңдары ұқсас болғандықтан, Ануар Жетібаевтың ұсталуы заңсыз жүзеге асқан дейді. Сөзінше, ұстау кезінде оған ешқандай адвокат ұсынылмаған.
«Оны ұстау кезінде негізгі принцип сотта өзін-өзі қорғау принципі бұзылған. Маған жеткен материалдарға қарағанда, ұсталған күні оған ешқандай адвокат берілмеген. Өкінішке орай, қазір біз Ануар Жетібаевқа заңдық көмек көрсетуге түрлі шектеулер қойылғанын көріп отырмыз. Заң бойынша тергеуші дер кезінде тергеу жұмыстарын жүргізуі керек. Осы уақытқа дейін ешқандай беттестіру жұмыстары жүргізілмеген. Егер 2025 жылы тамызда Қырғызстан аумағында қылмыстық іс қозғалған болса, онда неге ол жақтың құзырлы органдары Қазақстанға тиісті сұраулар жібермеді? Қазақстан мен Қырғызстан арасында екі жақтық келісімдер бар», – деді адвокат.
Адвокаттың сөзінше, алдағы уақытта Ануар Жетібаевтың Қырғызстандағы қорғаушылары бірнеше өтінішхат түсірмек. Оның ішінде «қылмыс құрамының болмауына байланысты істі тоқтату» туралы өтініш те бар.