×
494.28
587.06
6.4
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
494.28
587.06
6.4

Атырауда блогерді зиратта соққыға жыққан екі қыз шартты жазамен құтылып кетті

Бүгін, 10:03
Атырауда блогерді зиратта соққыға жыққан екі қыз шартты жазамен құтылып кетті
Фото: instagram

Атырау қаласының екі тұрғыны блогер Құралай Болатованы соққыға жыққаны үшін шартты жаза алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Оқиға неден басталды?

Қыздар арасындағы жанжал Ыстамбұлға жоспарланған, бірақ жүзеге аспаған турға байланысты шыққан. Құралай сапар үшін 100 мың теңге төлеген, алайда тур өтпей қалған. Блогер ақшасын қайтаруды талап еткен кезде, екі қыз оны алдап қала сыртына, зират аумағына алып барып, соққыға жыққан.

– Оны қолмен де, аяқпен де төмпештеп ұрған, сонымен қатар, балағаттап, қорқытқан. Кейін Құралайды айыпталушылардың бірінің пәтеріне апарған. Ол жерден тек таңертең ғана шыға алған.

Сотта жәбірленуші өзін іс жүзінде бостандығынан айырғанын айтып, істі неғұрлым ауыр бапқа қайта саралауды сұрады.

Тараптардың ұстанымы

Прокурор айыпталушылардың әрқайсына бір жылға бас бостандығынан айыру жазасын, бірақ жазаны өтеуді кейінге қалдыруды сұрады. Жәбірленуші нақты мерзім беруді талап етіп, моральдық және материалдық шығынды өтеуді өтінді. Ал айыпталушылар азаматтық талап сомасын азайтуды сұрады.

– Сараптама қорытындысына сәйкес, жәбірленуші алған жарақаттар денсаулыққа жеңіл зиян келтіру ретінде бағаланды, – деп атап өтті сот.

Сот қандай шешім қабылдады?

Айдана Ақмурзиева мен Ақбота Нұғманова ҚР ҚК 108-1-бабы 2-бөлігінің 4-тармағы бойынша — алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобының денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіруі фактісімен кінәлі деп танылды. Әрқайсына бір жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Алайда бұл жаза шартты түрде, сол мерзімге кейінге қалдырылды (ҚР ҚК 74-бабы).

Сонымен қатар сот сотталғандардан жәбірленушінің пайдасына 1 млн теңге моральдық зиянды және 2,9 млн теңге материалдық шығынды өндіріп алуды міндеттеді. Айта кетейік, сот барысында мүдделер қақтығысы болуы мүмкін деген мәселелер де көтерілді. Сондай-ақ БАҚ-та айыпталушылардың бірінің үйқамақта бола тұра кальян-барда жүргені талқыланды.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ және шағымдануға жатады.

Серіктес жаңалықтары