×
494.28
587.06
6.4
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
494.28
587.06
6.4

"Өзімді қорғадым". Ақтөбеде күйеуін пышақтап өлтірген әйел сотқа тартылды

Бүгін, 10:32
"Өзімді қорғадым". Ақтөбеде күйеуін пышақтап өлтірген әйел сотқа тартылды
Ulysmedia.kz

Ақтөбеде 37 жастағы әйелге қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Ол күйеуін өлтірді деген айыппен сотқа тартылған. Тергеу дерегіне сәйкес, отбасылық жанжал кезінде әйел ер адамға бірнеше рет пышақ салған. Соның біреуі кеуде тұсына тиіп, пышақ 7 сантиметр терең өтіп, жүрекке зақым келтірген. Алайда айыпталушының айтуынша, ол көп жыл бойы тұрмыстық зорлық-зомбылық көріп, сол сәтте өзін қорғауға мәжбүр болған. Ulysmedia.kz тілшісі сот отырысына қатысып, тараптардың уәжін тыңдады.

Отбасындағы жанжал қайғылы аяқталды

Қайғылы оқиға былтыр 29 сәуірде болған. Ол күн Ксения үшін әдеттегі күндердің бірі еді: қызын үйірмеге апарып, өзі жұмысқа кеткен. Әйел қаладағы ауруханалардың бірінде әлеуметтік қызметкер болып жұмыс істеген. Ал кешке үйде жанжал шыққан.

Айыптау тарапының мәліметінше, марқұм күйеуі сол күні қатты мас болған. Сот-медициналық сараптама оның қанынан 4,58 промилле алкоголь анықтаған. Ұрыс төбелеске ұласып, әйел асүй пышағын қолына алған.

— Айыпталушы күйеуінің мас екенін және қарсыласуға шамасы жоқ екенін біле тұра, оған алдымен басы мен қолына бірнеше рет пышақпен соққы жасаған. Кейін кеудесінің оң жақ тұсына пышақ сұғып алған. Пышақтың жүзі 7 сантиметрге дейін кірген. Одан соң арқасынан тағы бір рет кеуде тұсына пышақ салған, жараның тереңдігі 4 сантиметр болған. Алған жарақаттар салдарынан Седов оқиға орнында есін жимастан көз жұмды. Сараптама оның көп қан жоғалтқанын көрсетті. Кеуде қуысы мен ішкі ағзалары, соның ішінде жүрегі зақымданған, — деді мемлекеттік айыптаушы Дина Байжанова.

Қазіргі таңда әйелге «кісі өлтіру» бабы бойынша айып тағылып отыр. Егер кінәсі дәлелденсе, оған ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

«Мен өзімді қорғадым»

Айыпталушы Ксения сотта ұзақ уақыт бойы күйеуінен зорлық-зомбылық көргенін айтты. Оның сөзінше, ер адам ішімдікке салынып, жиі соққыға жыққан, ақша талап еткен. Әйел бірнеше рет полицияға жүгініп, жедел жәрдем шақырғанын да жеткізді.

— Мен әділдік сұраймын. Екі жыл бірге тұрған уақыттың ішінде ол мені қайта-қайта ұратын. Сол аралықта екі рет түсік болды. Қайғылы оқиға болған күні де жүкті едім. Мұны айтсам да, ол тоқтамады. Басымнан, бүкіл денемнен ұрды. Сол сәт қалай өткенін нақты есіме түсіре алмаймын. Ең ауыры — мұның бәрін қызым көрді, — деді айыпталушы.

Сот отырысына Ксенияның анасы да қатысып, қызының сөзін растады. Ол күйеу баласының ішімдікке әуес болғанын, қызын жиі ұрып-соққанын айтты. Жанжал кезінде 12 жастағы немересі әжесіне хабарласып, көмек сұраған.

— Олар шамамен екі жыл бірге тұрды. Алғашқы екі-үш айда бәрі жақсы болды, ішімдік ішпеді. Кейін іше бастады, жанжал көбейді, қол көтерді. Ксенияның алғашқы некеден 12 жастағы қызы бар. Үйде ұрыс шықса, немерем қоңырау шалып: «Әже, көмектес, ол анамды қылқындырып жатыр, өлтіріп қоюы мүмкін», — дейтін. Біз барғанда өзін сабырлы ұстайтын, ал кеткен соң қайтадан ұратын. Әдетте бәрі ішімдікке ақша сұраудан басталатын, — деді ол.

Енді сот бұл істің қасақана кісі өлтіру екенін немесе әйелдің аффект жағдайында, өзін қорғау мақсатында әрекет еткенін анықтауы тиіс. Істі Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарап жатыр.

Серіктес жаңалықтары